^UP

foto1 foto2 foto3 foto4 foto5


Оқу-инемен құдық қазғандай

Оқусыз білім жоқ

Қартайғанда оқыған оқу-

мұзға жазғанмен бірдей

Мұғалім - мемлекеттің құлы емес!

Get Adobe Flash player
Joomla шаблоны бесплатно http://joomla3x.ru

           

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ ЕРЛАН САҒАДИЕВ МЫРЗАҒА

            Хабар арнасында өткен «BILIM» бағдарламасына қатысқан А. Сағидуллаева (http://khabar.kz/kz/m-ra-at/ba-darlamalar/item/71478-bilim) БжҒМ өкіліне арнайы үндеу хат тапсырған болатын. Ол жерде бүкіл Қазақстан мұғалімдерінің проблемалары жазылған болатын. Өкінішке орай БжҒМ хат тапсырған хатқа тек хат тапсырған А. Сағидуллаеваға өзінің ауданының ғана проблемасын сол ауданның методисіне жауап жазғызып сол ауданның көлемінде ғана жауап берген. Жауап хат 2017 жылғы 12 қаңтар, ЖТ-ҰЖ-1604-1/11-5 нөмірімен келген. Төмендегі хат та бір ауданның жағдайы емес, бүкіл Қазақстан Республикасының әр аймағының ұстаздарынан әлеуметтік желі арқылы қол жиналып Республика бойынша орын алып отырған мәселелер жазылып отыр. Қол жинау әлі де жалғасуда. 

                    Үш тілді жаңа реформа кіргелі мектептердегі әбігер көбеймесе азайған жоқ. Жаңартылған бағдарламаның да әңгімесі бір басқа. Бұл жерде шешуін күттірмейтін мәселе өте көп. 

Білім және ғылым министрлігінен осы мәселені бірінші кезекте шешуін сұраймыз!

 1. Көп мектептердің материалдық базасы жаңартылған мазмұндағы білім беруге сәйкес емес. Компьютерлер ескірген, (көп жағдайда ескі компьютерлерді есептегі компьютерлер саны азайып қалмас үшін облыстық білім басқармалары есептен шығартпай ұстап отыр) интернет желісінің өзі біреу ғана. Жылдамдығы төмен, басқа пән мұғалімдерінің пайдалануына мүмкіндік жоқ. Мектепте істен шыққан компьютер, принтер, проекторларға қосалқы бөлшектер сатып алуға мүмкіндік жоқ. (жергілікті бюджеттен қаржыландырады, ақша жетпейді дейді).

2. Жаңартылған бағдарлама мұғалімнің сабаққа тыңғылықты дайындалуды, таратпа материалдарды көптеп шығаруды талап етеді. Кейбір жерлерде кітап жетіспейді. Ол туралы айтылса, «кітап ресурс қана» оқушылар ақпаратты кез – келген жерден, интернеттен алуға да болады дейді. Бірақ интернеттің түрі жоғарыдағыдай болса, басқа қайдан алуға болады? Мектептерге бюджеттен қағаз тб концеляриялық товарларға неге ақша бөлінбейді? Орта есеппен 1 мұғалімге 1 жылға 18 қорап қағаз кетеді. Қазір өкінішке орай бұл салмақ мұғалімдердің мойнында.

3. Қазір бізде 5 күндік оқу жүйесі. Мұғалімнің жұмыс сағаты 18 сағат. Бірақ мұғалімнің оқу-тәрбие жұмысына, жеке сабаққа дайындалуға кететін уақыты бақылауға келмейтіндіктен қалған уақытына ақша төленбейді. Оның ішіне педкеңестер мен оқу-тәрбие жұмысы бойынша жасалатын жұмыстар кіреді. Өкінішке орай көп жерлерде мектеп директорлары сенбі күні түрлі жиналыстар мен іс шараларды қойып отыр. Сенбі күні мұғалімдер сабағын дайындаса жексенбі күні басқалар сияқты бір күнін отбасына арнайтын еді. Осы мәселенің басы шешіп беріңіз.

4. Мұғалімдерді көше тазалау, газетке жаздыру, үй аралау, мереке күндері кезекшілікке қою тб жұмыстар әлі тиылмай келеді. Еріксіз еңбекке соттың шешімі, не болмаса соғыс жағдайында ғана жол беріледі, Конституция, Білім заңы бойынша ондай іс-әрекеттерге тиым салынған. Мереке күндері кезекшілік Еңбек кодексінің 86-бабы бойынша жұмыскердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту 1) төтенше жағдайлардың, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың зардаптарын дереу жою үшін; 2) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың, мүліктің жойылуының немесе бүлінуінің алдын алу және оларды тергеп-тексеру үшін; 3) тұтастай ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі жедел орындалуына байланысты болатын шұғыл, күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі – делінген. Бірақ көп жағдайда мұғалімдерді мереке күндері кезекшілікке қою жалғасып келеді.  Мұғалімнің беделіне, қадір-қасиеті мен мәртебесіне нұқсан келтіретін жұмыс түрлері доғарылсын. Білім басқармалары мен білім бөлімдеріне осы туралы қатаң ескертуді сұраймыз. 

5. BILIM-LAND, I-MEKTEP туралы. Бұл жеке серіктестіктің оқыту құралдары офлайн түрінде мектептерге таратылды. Көлемі 500 гб. Ішінара мектептерде желі арқылы таратуға мүмкіндік жоқ. Әр пәнді жеке-жеке шығарса. Онлайн кіретін мектептерге пароль, логин таратылған. Бірақ осы жеке серіктестік облыстық білім басқармаларына кірген-кірмеген мектептер туралы ақпаратты жіберіп рейтинг шығарып отырады. Сол рейтинг арқылы білім басқармалары мектеп мұғалімдеріне кірмегені үшін ескерту жасап кіріп сабаққа пайдалануына бұйрық береді. Бірақ ол мұғалімнің неге оны пайдаланбай жүргенін тексергендер болды ма? Жоқ. Бұл тағы да материалдық база компьютер мен интернетке келіп тіреледі. Мектептің әр кабинетіне интернетке қолжетімділік қашан орнайды? Осы компанияның электронды оқулығы бағдарламамен сәйкес емес.

6. НЗМ бағдарламалары жаппай орта мектептерге де таратылуда. Орта мектептер НЗМ сияқты оқушыларды, мұғалімдерді конкурспен қабылдамайды! Оған ерекше дарынды, тестен нақты нәтиже жинаған оқушылар іріктеледі. Материалдық базаның теңсіздігі және бар. Осы жағдай неге ескерілмейді?!

7. Электронды күнделік туралы. Электронды күнделік те жеке меншіктің дүниесі. Ресейден көшіріліп алынған. Ресейде мұғалімдерге оны толтырғаны үшін арнайы ақша төленеді. Бізде төленбейді. Мұғалімдер бір кабинетке кезекке тұруға мәжбүр. Тағы да іс интернетке келіп тіреледі. Материалдық базасы жетіспейтін мектепке тықпалаудың керегі не? Электронды күнделікке қатысты Қазақстан мұғалімдері арасында жүргізілген сауалнамаға 70 мұғалім қатысып, нәтижесінде 33 мұғалім «толтырамыз, материалдық база бар» десе 22 мұғалім «мектепте жағдай жоқ» деп, 14 мұғалім басқа жерге барып толтыратынын айтқан. Министрлік электронды күнделік толтыру туралы бұйрық шығарды. Бірақ интернеті жоқ жерлерге, нашар жерлер "толтырмай-ақ" қойсын деп сіз парламентте айттыңыз, бірақ арнайы бұйрық шығарған жоқсыз. Осыған жеке бұйрық шығарылсын, не пилоттық жоба тоқтатылсын, құрғақ сөз еш жерде жүрмейді. Мектеп жағдайы келмеген соң электронды күнделік толтырмаған мұғалімдерге ескерту, сөгіс беру, түсінік жаздыруға тиым салыңыз. Өйткені бұл пилоттық жоба.  Электронды күнделік жекенің қолында емес БжҒМ қолында болуы керек! Электронды күнделікті ҰБ(НОБД) кіріктірсін, ол жерде мұғалім, оқушы туралы толық ақпарат бар.

8. Материалдық база бойынша 102 мұғалімнен Қазақстан бойынша сауалнама алынған. Оның ішінде 59 мұғалім ӨЗІНІҢ ЖЕКЕМЕНШІК КОМПЬЮТЕРІ, ПРИНТЕРІмен жұмыс жасаймыз десе, 18 мұғалім «кез келген жерден ақшаға шығарамыз дейді. 12 мұғалімнің жеке кабинетінде компьютер, интерактивті тақта, жеке принтері бар. Кабинетінде ештеңесі жоқ-3, барлық керек жарақты мектеп әпереді деп – 2, ата-аналар қамтамасыз етеді деп 1 мұғалім жауап берген. Осы орайда ең бірінші реформа бағдарлама мен сөзбен емес, алдымен мектептің материалдық базасына реформа керек екенін де көрсетіп отыр. Мектептердің материалдық базасын қашан жетілдіресіздер? Мектептерге сапасыз техникалар әкелу қашан тоқтайды?

9. Қазіргі кезде АКТ деген сылтаумен мектептегі информатика пәні мұғалімдеріне көп жұмыс міндеттеліп отыр. BILIM-LAND компаниясымен жұмыс, электронды күнделікті администрация жасау, жылда толтырылатын ҰБ (НОБД) барлығы көп жерлерде «қоғамдық» жұмыс ретінде мойнына «ілінген». Жеке штаттар неге берілмейді?

10. Мұғалімдердің зейнет жасы қайтадан қаралса, әйелдерге 27, ерлерге 30 жыл жұмыс өтілімен. Қазіргі кезде мұғалімнің жұмысы ауырлады. 

Білім саласына келген жастарға жағдай жасалынсын.

11. Үштілділікке байланысты енді қазақ мектептерінде дүниежүзі тарихы келесі оқу жылынан бастап орыс тілінде оқытылады дейді. Ана тілінде оқытылсын. Үш тілділік реформа басталғанда БжҒМ ағылшын тілінде тек 10-11 сыныптар ғана оқытылады деген. Оның өзі оқушылар қаласа ғана деген. Бірақ бұл «өзі қаласа» деген пункт ауызбен ғана айтылғандықтан еш жерге жарамсыз. Нақты бұйрығын шығарсаңыз.  

12. "Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 шыққан. Осы орайда мектеп мұғалімдері өзінің міндетін білмегендіктен басқа да қосымша жұмыстарды атқарып жүр. Осы заңды сіздер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілсін.

13. Бастауыш сынып оқулықтарының көлемі үлкен. Әріптердің үлкен болғаны дұрыс шығар бірақта кітапты үлкейту дұрыс емес. Сөмкені көтерегенде баланың белі қайысып кетеді. Көптеген ата-аналар бастауышта оқитын балаларының сөмкелерін көтеріп жүруге мәжбүр болуда. Кітаптарды қателіксіз шығару керек. 

Құрметпен:

 Қазақстанның әр 

аймағының мұғалімдері

 

Мейіржан Темірбек 

Айман Сағидулла

Курмашева Майра 

Досбол Кыстаубаев  

Сауле Сулейменова 

Айгүл Төңкерқызы 

Гульнар Карабалина 

Gulzira Mindetbay 

Тахмина Балтабаева 

Калдыгуль Ералиева 

Marat Nuretdinov 

Жумагуль Бекмуратова 

Хайса Еженхан 

Janar Guzel 

Алмагул Меирбекова 

Майра Жанабаева 

Дарига Ондыбаева 

Сабира Шалкарова 

Bahira Cadas 

Гульжиян Исмагулова 

Наз Гул Толеубек 

Сахаба Баянбек 

Балзира Ибраева 

Бахытгуль Едилхан  

Bagdat Kuanyshuly 

Meruyert Dosbolova 

Сахаба Баянбек 

Назерке Ақжігіт 

Акгул Жухан 

Rayhan Kenzhegalieva 

Балжан Сапарова 

Сулушаш Бухабаева 

Света Алпамысова 

Гаухария Таңірбергеновна 

Zhanar Zhumataeva 

Дарига Ондыбаева 

Гулсара Торехан 

Saltanat Moldabekova 

Abzal Almukhan 

Ақмарал Шоқпарова 

Zaure Ibragimova 

Гульнур Тюляпова 

Гульсара Сейдалиева 

Бакыт Алмвшова 

Камшат Шаншарова 

Бибигал Жансеитова 

Галима Талканбаева 

Гулжанат Абылаева 

Актолкын Серикбаева  

Айгуль Кадырова 

Жакони Ерико  

Анар Зейнолда 

Айгул Сванкулова 

Saule Izykulova  

Уктам Моминов 

Шынар Султанбекова 

Еділ Пшатаев 

Курбанай Абдикадир 

Гулжамила Азбаева 

Oralhan Abay 

Алтангул Суйениш 

Айгерим Утебаева  

Айна Султанбекова  

Санимгул Балижанова 

Асан Имашев 

Марат Мамитов 

Kuralay Smailova 

Гульмира Тулпаисова 

Kuralay Smailova 

Сандугаш Нурмагамбетова 

Рымгул Шалбаева 

Саламат Кали Жунсов 

Гульзара Серикпаева 

Мареш Сертаева 

Тохтахан Уркинбаева  

Zhakaev Mykametzhan 

 Ерлан Төлеубек 

Abdikhan Kudaybergenov 

Динара Байузакова 

Marat Nuretdinov 

Хиса Хосай 

Перизат Улыкбековна 

Medet Naurzbaev 

Omarbek Beysaly 

Ақшолпан Мүсіркегенова  

Айжамал Сактаганова 

Ляззат Орынбекова  

Салима Муканова  

Bayan Sabden 

Almagul Mustafa 

Жадыра Нурлановна 

 

            Зағипа Балиева мектепте қандай пәндерді шет тілінде оқыту керектігін оқушылардың өздерінен сұрауды ұсынып, қазақ әдебиетін ағылшын тілінде өткізу туралы тың идея айтты.

            Оның ойынша физика, химия секілді күрделі пәндерді ағылшынша оқу балаларға өте қиындық туғызатын көрінеді.

          «Бала пәнді ана тілінде әрең түсініп, 12%-ға ғана меңгерсе, онда ол ағылшын тілінде қалай оқиды? Онда оның пәнді игеру көрсеткіші бұдан да төмен деген сөз. Мүмкін, балалармен әңгімелесіп, қандай пәнді ағылшын тілінде оқыту керектігін өздерінен сұрау керек шығар. Бала ағылшынша сөйлеп, мағынасын түсініп үйренуі керек. Мүмкін, әдебиет немесе қазақ әдебиетін ағылшын тілінде берсек? Бәлкім, сол кезде оқушы оны түсініп, сол тілде сөйлейтін болады. Ал мына формулалар, Ом заңы оған өмірде түк те қажет емес. Біз техникалық мамандарды аз дайындаймыз. Әрі кетсе 5 пайыз ғана шығатын шығар», - дейді Балиева.

          Балиева мұны шетелдегі әлдебір адамдардың тікелей эфирге шығар алдында елдің назарын басқа жаққа бұру үшін айтып отыр ма? Жоқ, шенеунік ханымдың бар білері осы ма?

          Министр қазақ тілі мен әдебиетін біріктіріп оқытам деп бір алжасты. Ұлттық бірыңғай тестілеуден қазақ тілін алып тастамақ болып тағы бүйректен сирақ шығарды. "Әліппе", "Ана тілі" деген пәндердің көзін құртпақ болып, "сауат ашуды" ойлап тапты. Енді міне, қазақ әдебиетін қазақ тілінде оқуға құқымыз жоқ екен...

          Бұлар, яғни Зағипалар қазақ тілінен неге соншалық жерініп отыр?

           Қазаққа қарсы қазақтың сөз айтуы қашанғы жалғаспақ?

 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

Амалсыздың күні

 

Есжан қария ойланып отыр. Кеше келіні ала тақиялылар еліндегі ата-анасымен сөйлескен. Құдағиы Гүлзира орыс тілі пәнінің мұғалімі. Әңгіме ауанынан аңғарғаны, жалақысы біздің ақшаға шаққанда он екі мың теңге. Онда да талондық жүйемен. Соған құда өз елінің жай-жапсарын біледі.

Жұмыстың реті келсе ата-жұртқа көшіп барар едік дегенге саяды. Құдасы баймен камаз айдайды. Шаруасы шалқып тұрғаны шамалы.

Есжан айтпады емес. Айтты осыны. Түбінде жағдайларыңыз болмас. Көшіп келгендеріңіз абзал деп. Сөз төркінін түптеп түбінен аңғарған құдасы көшеміз я көшпейміз деп ашып айтпаған әңгімені. Ендігісі мынау. Кемпірі Қалдыкүл, келіні екеуі барып қайтқан бірді-екілі. Өзі құжатын ауыстырмаған себепті құдасының есігін көре алмаған. Осымен тынған құдалықтары. Айтуларына қарағанда құдалардың үйі үш таудың қоршауында. Арша, долана дегеніңіз тупа-тура есік алдында өсіп тұрады екен! Жер жәннаты деген осы!

Кеңес кезінде қызметке араласқандар айтады. Сол атырап о, баста қазақтың жері, өкпе аурулары санаториі болған деп. Көзбен көрмеген соң не десін. Болса болған-ақ шығар дегенде қойған.

Сөз мағынасын кеше естіп білсе де анықтап нығарлап алайын деді ме, шай-судың қамымен жүрген келінінен қайта сұрады.

- Ия құда-құдағилардың жағдайы қандай екен?

- Жақсы емес!

- Неге?

- Жұмыс жоқ ата. Күн көрудің өзі қиынға айналып қазақ мектептері қысқарып жатса керек. Қасық-табақты жылдамдата жинаған келінінің қатқыл жауабынан жағдайды өзі де біліп отыр.

- Дұр-е-с! – деді Есжан дауысын соза түсіп. Елім, жерім деп келгенде орналасса жақсы, орналаспаса есіктен-есік кезіп сандалып жүрген құдағиының сарсаңы өзіне де батады. Есіткен, Әбдіжаппардың баласы мұғалімдікке биесін сатып, оған тана-торпағын қосып, бес жүз мың теңге беріп әрең кірді деп.

Көрген, Қайыптың келініде малын, үйін суретке түсіріп жүріп банкіден несие алып беріп еді-ау! Өзі жесір әйел мұнан басқа не істесін?

Кейде араның ұясындай құжынаған таможняның аржағындағы құдаларына жаны ашиды. Ол жақта нан тауып жеудің өзі деген... Жердің түгін тартып, қыртысын қопарған ағайындарға не дерсің?

Бізде ғой ол тойын кең сарайдай тойханада өткізіп, қонақтарды санамалап бәсекеге барып жүргендер.

Не дер екен деп күйбеңін көбейтіп, кіріп-шығып жүрген келініне бар я жоқ деп тіл қатпады. Қатпағаны өз есебі бар. Қандастарымыздың жағдайын жасап, отанына оралту біздің азаматтық борышымыз деп газет, телеарналардан сөйлеген пропессір, депутаттардың сөзін талай естіген. Неге айтады? Орындайтын болған соң айтады дә! Міне, осы жағын арқа тұтып келіп, аудандық оқу бөліміне өтініш айтпақ. Есжан қария білім бөлімінің есігін сеніммен ашты. Өзін бір аттауға үлгертпей, былғары креслодан лып көтеріліп орындыққа қолтықтай отырғызып хал сұрасқан жігіт ағасына іші жылып-ақ қалды.

- Аумин! деді. Қол жайып білім басшысының жұмысына береке, деніне саулық тіледі де екеуі қоса бет сипасты.

Есімін кіре берістегі әйнек тақтайшадан оқып алған.

- Қалай, Мәлік балам аман ба?

- Келіңіз! – деген оқу басшысы мұны бастан аяқ барлай қарады. Жұмыс сұрап келген басқа емес, тап бір қарияның өзіндей. Есжан қарт айтармын деген ойын шашыратып оны қайта жинақтап сәл отырды да сөз бастады.

- Арғы жақта құдаларымыз бар еді...

- Ия.

- Жұмыс жағдайы болса елге оралсақ дейді.

Ол жақта қазақ мектептері...

Сөзін телефонмен сөйлескен басшы бөлді де қайта сұрады:

- Ә, құдағиыңыз мұғалім болды ғой. Қай пәннен?

- Орыс тілінен! Орыс тілі деген сөзді бәсі жоғары болған соң көтеріңкірей айтты да қалай әсер етті дегендей басшының жүзіне барлай қарады.

- Қабылдаймыз ақсақал! бізде осы мамандық жетіспейді. Мектептерде қазір осы пәнге басымдық берілген. Айтпақшы тұрғын үй жатын орын мәселесі қалай болмақ? сіздің үйде тұра ма, жоқ квартир жалдай ма? Квартир деген сөзді басшы сынай күлімсіреп айтты. Қария да есесін жібермей.

- Ой, айналайын-ай! Кімге жағдай жасамаған қазақпыз. Әуелі жұмысқа тұрсыншы, сосын бір мәнісі болар деген. Құдағиының мамандығы «русовед» деп те айтылады екен. Жерге түспей тұрған мамандық болған соң сол әсер етті ме, әлде Мәлік баланың «қабылдаймыз» деген сөзі желік бітірді ме Есжан қарт орнынан жеңіл тұрып шығар ауызға беттеді.

- Қай күні келсін деп шақырайын деді есіктің тұтқасынан ұстап тұрып.

- Коридормен тіке жүріп, оңға бұрыласыз. Жетінші есік. Бас маманға жолығасыз. Сол айтады қай күні келу керек екенін.

- Сау бол балам.

- Жақсы ата!  

Бас маман Сәлима деген қыз бұл кіргенде компьютерге қарап отырда да «отырыңыз» деді ыммен қарсы орындықты нұсқап. Есжан қария риза. Риза болмай қайтсін бәрі де тез шешілсе! Ол айнала шкаф, ондағы қатарлана қойылып алфавитпен бөлінген қалың папкілерге қарай бастады. Түрлі құрал жабдықтар, аппараттарда назарынан тыс қалмады. Биік бұрыштағы көзі кесірткенің көзіндей шүршиген тетікті де байқап қалды. Әлгі «камера» деген сайтаны осы болса керек. Айнала бақылау! Сонда деймін-ау, елде айта береді. Осындай үлкен мекемеде отырып пара туралы айтудың өзі ұят. Рас па екен әлде! Артынша өз ойынан өзі қысылды. Заман деген осы. Жастарда не арман бар. Тек оқы! Есіне түу баяғы төбесі қамыспен жабылған ұшқан ұясы мектебі түсті. Қазіргідей жағдай қайда? Бір бөлмеде екі сынып қосылып оқи беретін. Әй, уақыт-ай. Бас маманның сөзі ойын бөлді.

- Шаруаңызды айтыңыз ата.

- Айтқанда бастықтарыңа кіргенмін.

- Мәлік Орынбекұлына ма, не деді ол кісі?

- Аламыз! – деді.

Бұл келгенше звандап қойса керек. Ұқыппен тыңдаған қыз пәлен деп таңданыс білдіре қоймады. «Жоқ» деп те айтпады. Қария арғы жақтағы құда-құдағиларының жағдайы, жалақысы ішкенге не кигенге жетпейтінін, соған осы жақта мұғалімдікке орын болса оралмақ ниетте екенін рет-ретімен тізіп айтып шықты. Орналасса бұл қандастарымызға жасаған жақсылық екенінде сөз арасына қыстырып жіберді. Басқалай қалай айтсын! Обалы не, бас маман сөз бұйдаға салмай, бірақ дипломы қиындық тудырып жүрмесе деді. Қиындық деген сөзді естігенде Есжан қария манадан бері еркінсіп отырған бойын тез жинап ала қойды. Ісі теріске айналып жүрмесе! Қобалжи қайта сұрады.

- Қиындық деген не сөз шырағым?

- Ол былай ата, Құдағиыңыз Ташкентте бітірсе дипломын Астанада рәсімдеп қазақшаға қайта аудару керек. Осыны «нострификация» дейді. Келінін сұрап алғаны жақсы болар ма, сөйтсе кеңес кезінде алған дипломы ауыстыруға жатпайтын боп шықты. Қызым қандай «фикация» болса да жарайды деген ол сеніммен нығыздала отырды. Бас маманның айтуынша енді тек облыс орталығындағы бір мекемеге тіркелсе болғандай екен.

- Онда жақсы! Сегізінші мектептің директорына барыңыз, қабылдаймын десе қарсы емеспіз деді Сәлима қыз. Ау, оқу бөлімінің басшысы, бас маман екеуі келісімін беріп жатса директорың қабылдамай қайда барады?

Жұмысы бір жөнін тапса жан-ұясымен құдалары, ондағы елең-алаң болып отырған ағайын-туыстары түгелімен көшіп келер. Көшу демекші ала шапандылардың өз пәлсапасы бар дейді білетіндер. Сауда ашпаңдар! Үй-жайын өздері –ақ тастап кетеді дейтін көрінеді келген сұраушыларға. «Азаматтық» деген азабы тағы бар. Өзіне салса аттап өтісімен ұстата салар еді. Түсінбейді. қайда барсаң Қорқыттың көрі әйтеуір.

- Алла өмір жасыңды ұзақ етсін! – деді шығып бара жатып. Кімге айтқаны түсінікті. Автобусты қойып ақшасын екі-үш есе артық төлеп, таксимен жетті үйіне. Келінінің қуанғанын көрмек, шайды көңілдене ұзақ отырып ішті. Не болды? – деген кемпірінің сұрағына іс тындырып келгенімді осыдан білсін дегендей көпке дейін үндемеді. Бәсін арттырмақ. Кемпірі шалының бетіне барлай қараған. Жайланып болған соң өзі:

- Сүйінші! – деген келініне.

- Не деді ата, қабылдаймыз деді ме?

- Ия, деді. соңғы кесені төңкеріп дүңкиген мақталы жастыққа шалқая кетіп.

Өзіне емес, жауапты қызымен жасты келініне бергенін қаламады ма, кемпірі Қалдыкүл апа төтесінен тиісе кетті.

- Әй, шал байқа! жалақтауың жаман. Алса жақсы алмаса абыройың ауыл түгел со-на-у Тәшкенге дейін төгіледі. Есенаманның баласындай болып жүрмесін жұмысың!

- Есенаманның баласының не қатысы бар?

- Не қатысы бар дейді ғой. Бұрнағы жылы оны да деректірге жіберген. Соңы не болды. Ортадағы адам жалтарып байғұс ақша түгел тиынында қайтара алмай қор болған. Байқа!  - деп бір тоқтады. Сондай әңгіменің болғаны рас-ты. Бірақ ол қайда? Бұл қайда? Ол ақша берсе, өзі ақ жолда қандастарымызға жақсылық жасайық деген үмітті арқалаумен ғана жүр емес пе? Оның үстіне басшылар ауысып дегендей...

- Кә, болды! Сарқылып сары уайымды төндіре берме. Онда сондай болса, қазір оралмандарға деген қамқорлық басқа деп кемпірін тиып тастады.

Келіні төркініне сол күні-ақ хабарласқан, алатын болды деп. Үш күннен кейін Есжан қария құдағиы Гүлзира екеуі сегізінші мектептің директорының алдында отырды. Озипа екен мектеп басшысының аты. Мана келісімін сұрап алған. Орта жасар директорға көз тоқтатып қарай бастады. Ықшам киінген. Бұлтыңдай қозғалады. Не жасасада әбжіл, сақтықпен жасайды. Бірде қызмет телефонымен сөйлессе, бірде хатшысын шақырып тез-тез тапсырмалар бере қояды. Күле қалып түсін суытуыда тез. Есжан қарияның ойынша жақсы басшылар өзгелердей ауыл-аймақ, денсаулығын сұрап барып сонан соң бастаушы еді әңгімесін. Мынада бірі жоқ! Директордан гөрі артіске ұқсайды. Келмеседе болар еді. Несіне келді десеңші! Артіс демекші жиені Тағайбай үлкен қалада артістің оқуын оқиды. Сол айтады. Артіске керегі күл десе күліп, жыла десе жылай салатын қасиет талант деп. О, Құдай, мынау сол! Жайылып сөйлемей, жалтарып сөйлеп өз көлеңкесінен өзі үріккен біреу.

- Сіз шыға тұрыңыз! – деді директор.

Қария түсінбегендей сыңай көрсеткен...

- Құдағиыңыздан тест аламын деп түсіндірген болды. Тест дегені тексереді екен!

Апырау жиырма сегіз жыл өтілі бар адамнан тест алып сонда дипломды не үшін алған құдағиы. Біледі. Кешегі опа-далап сатып, сауда-саттықпен айналысып жүрген жалаң пұттардың болмағанда қазақ тілінің оқытушысы екенін. Құдағиы болса монтаны. Торға түскен бөденедей жалтаң-жалтаң өзіне қарайды. Мына деректір келгеннен ырғып сөз тыңдамай отырса қолынан не келмек? Әлде сұрағанын бермесең, мектептің есігі түгел, тесігінен сығалатпайды деген сөз рас па?

- Әй, дүние-ай! – деді Есжан қарт. Өз күнін өзі әзер көріп отырған құдаларына бізде осындай еді деп қалай айтпақ. Бір суық ой қылаң бере қалды. Әлде жоғарыдағы басшылар жаман көрінгісі келмей, алмаймыз емес аламыз. Пәлен мектептің директорына барыңыз деп «айғыр» деректірлерге әдейі жұмсай ма? Сонда өгіз де өлмейді. Арбада сынбайды. Дайындығы нашар екен. Сонан соң өтпеді дейді де. О, кәрі бас! Осыны қалай білмегенмін? Алайда үміт отыда жоқ емес. Кінәсін көтеріп қайтеді. Арғы жақтан келгеніне бүйрегі бұрып мүмкін өтіпте кетер. Мұны көріп өзгелері... Сең қозғалды деген осы. Қызметке араласпаса да Есжан қария өзі білер саясатты сапырып-ақ тастады. Кешікпей құдағиы көрінді. Жүзі сынық. Тәшкеннің ұзын сөмкесін иығына қалай болса солай аса салған. Іші қылп ете қалды.

- Ия, өттіңіз бе?

- Өтпеді!

- Не дейді?

- Сұрағының өзі қызық деді төмен қарап бұртиған құдағиы. Әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесі сенімді қолда екенін білуге тиіс. Өтілі көп ұстаз ретінде осыны неден бастар едіңіз? дей ме, оқу бағдарламасына енгізілген үш тілділікті қолдайсыз ба жоқ па? дей ме.

Айтпақшы, соңымызға шырақ алып түсетін бәлеқор адамды неге ертіп келесіз? – деп те айтыпты. Кімді меңзеп отыр? Өзін! Құдай-ау бәлеқор боп кімнің киімін жыртып, қойнына хат салыпты.

Ертіп келген құдағиы емес, елдің жердің жағдайын білетін өзі емес пе? Есжан қария арғы жағын естігісі келмеді. Кемпірінің айтқаны келді.

- Әй, амалсыздық күні-ай! – деген қария,құдағиын жетектеп үйіне қарай жөнелді. Бүгін жата-жастанып, ертең арғы жаққа ала тақиялылар еліне шығарып салмақ.

 

 

Ералхан Жылқыайдарұлы.

 

10.01.2017 жыл.

Mektep-news.kz

Қазақ тілі

 

«Қазақ тілі»  десе неге жау көп?

    Елімізде білім саласында  «2016-2019 жылдарға арналған жаңартылған бағдарлама»  енгізіліп жатыр. Бұл бағдарламаның  ең бірінші соққысы үш тілділік болды. Былтырғы жылы бағдарламаның алғашқы құрбандары  1-сыныпқа барып әліппесін таппай қалып жатты. Бұл масқараның тоқтайтын күні бар ма?  2017-2018 жаңа оқу жылынан бастап

5-7-сыныптарға жаңа бағдарлама енгізілгелі жатыр.  Жаңартылған  бағдарламаның курсын мен де оқып , бітірдім. Методикасында әңгіме жоқ. Баланы еркіндікке тәрбиелейді, неше түрлі әдіс- тәсілдерді қолдану арқылы, оқушыны өз ойын ашық айтуға дағдыландыратын  тамаша дүние. Бірақ жаңартылған бағдарламаның  кітабы мен негізгі өтілетін  тақырыптары қазақ тілін жоюдың таптырмас,жақсы құралы.

7-сынып «Атамұра» баспасы, қазақ тілі оқулығы.

(Министрдің сайтында халық талқысына жоба ретінде  ұсынылған.Мына сілтемеде: http://okulyk-edu.kz/ocenka-kz)

Қазақ тілі кітабында «Ауа райы, климат , атмосфера», «Климат және климаттық аймақтар», «Климаттық өзгерістер»  деген тақырыптар жүр. Бұл тақырыптарға арналған  мәтіндер мен тапсырмалар да бар.

1.  Мәтінді тыңдап, ауа райының біздің өмірімізге тигізетін әсерін талдаңдар.

2.  Қазақстанда қандай климаттық аймақтар бар?

3.  Шөл даланың негізгі өсімдіктері нелер? Шөл дала  аңына немесе жануарына нелер жатады?  Кестеге салып толтырыңдар.

Негізгі тақырып«климат», тапсырма «климат», мәтін «климат» , сонда қазақ тілі қайда?

Тапсырмаларды қарап отырсақ географияны оқып жатқан сияқтымыз.

Егер мәтін ретінде ғана берілсе немесе қазақ тілінің сөйлеу тілін дамытуға арналған тапсырмалар болса түсінер едім. Қазақ тілі сабағын оқытудағы негізгі мақсат қазақ тілінде сөйлеуге, жазуға үйрету болса, қазақ тілі сабағына климаттың  , шөл даланың не екенін сұраудың  қажетібар ма?

Министр Ерлан  Сағадиев  мырза!   Мен оқушыма қазақ тілін үйретемін бе, әлде шөл даланы аралап зерттеу жасап кетемін бе?

 

 

Айман Сагидулла 

Момын «деректрден» қалай құтылдық?

О, баста мен мұғалім емес, көкпаршы, шабандоз болуды армандағанмын. Еркін тақырыпқа шығарма жазғанда да «Көкпар» тақырыбын таңдағанмын. Ох, шіркін! Көкпар деген рақат қой. Қара текені қапсыра басып шапқан қандай. Көмбеге көбесін сөгіп тура тартқан қандай!

Бәріне кінәлі нағашым.

-                     Әй, Әйдік деген.

-                     Әу! – дегенмін.

-                     Мен ректор боп тұрғанда «үністөт» бітіріп ал, кейін кім біледі деген. Іштей емес, сырттай бітіріп, бес жылдан кейін дипломның бетін ашып қарасам, «ән-күй сабағының оқытушысы» - деп бат-ти-е-п тұр. Әу, деп ауыз ашуды білмеймін. Нағашымды айтам дә! Күрес пе, бокс па соның бірін бітірген деп жаза салса не бопты-ей-а? Тәуекел. Енді міне, Алтынсары атамның атындағы мектепте амалсыздан «әнші» боп отырмын. Қазақ айтқыш. «Көңілсізден бір жері жоқ бала туады» - дейді. Ұнамаған мамандық осы дә!

-                     Аманқұлов екен аман болғыр, деректрдің аты-жөні. Өзі бір жүрген біреу. Деректрді айтам дә. Мінез болсашы еркектік. Айтары коллективіміз тату дейді. Ау, кім-кімнің басын жарып көзін шығарып жатыр қазір. Соғанда мақтана ма, есі дұрыс ер кісі. Өзім кәнігі көкпаршы намысқой адаммын. Түйгенім, топты топалаң етіп, пәле шығарып момын деректрден құтылмасам көргенім осы.

Бәлеқор дей ме, дей берсін!

Жалақор дей ме, айта берсін!

  Тіпті тікендей Тілепберген бәлеқордың өзі ауданда бас маман. О, айналайын Алтынсары атындағы мектептің ұжымы, сендерге пейіш орнатып, жағдайларыңды әлі мен жасаймын деп өрекпідім. Ептеп жоба сыздым да былай дедім. Оу, мәке, бұлай болмайды. (деректрдің аты Мәдіислам) «Мұғылықты мұғалім» деген байқау өткізейік сөйтіп ауданның көзіне түсейік десем», бала, тыныш жүр, жүр!» - дейді.

«Желаяқ мұғалім» деген жарыс өткізейік десем, ауданнан адам келіп жеңісіңнің сырын айт деп пәле болады. Екі ортада желаяқ өзіміз боламыз деп көнбейді. Дұрыс қой. Жуас, момын адам басқа не дейді. Күйіп кеттім де көлеңкесіз көке-ау, төмен қарап төбе бола бергенше бір мезгіл тау болайық. Бүйте берсек ұжым ұйықтап қалып ертен «клобализация» (жаһандануды айтамын) келгенде. Алтынсарының ұжымы арбаға мініп айдалада қалады деп те үгіттеп көрдім. Көнбейді! Көнсе іс-шараның арасында ішіп қойды, жеп қойды деп үйдей үйіндінің астында қалдырмақпын. Момын кәрі тарлан! Жоламайды-ау, жоламайды. Алыстан сезеді!

Болмаған-сын турасына көштім. Қазір нарық! Кім-кімді жемей жатыр. Кәсіби көмек көрсететін «ҚББ», «АББ» әдіскерлерінің өзі ебін тауып мұғалімдерден ақша сындырса, «Пожарныйлар» көке, күрегің жоқ, құмың жоқ өрт шыға қалса өшіретін дымың жоқ деп ақша алады.

    СЭС-тер ана жерің кір, мына жерің лас. Қауіпті микробтар осындай жерде өмір сүреді деп ақша алады. Не, өтірік пе осы? Деп те түркілеп көрдім. Мыңқ етпейді деректр дем бермеген соң ұжым шұрқ етпейді. Ойым атмосфераны бүлдіріп «шу» шығару. Деректрді «қайнатып бу» шығару.

    Айтпақшы Алтынсары мектебінде не болмайды? Жуас, жігерсіз басшы басқарған жерде бәрі болады! Оқытушылар бытырап бет-бетімен кеткен.

Жаратылыс мұғалімі жарты айға қыдырып кете ме, сабағын мен өткіземін.

Физик, химик апайлар ауыл аралап кеткенде (арасында орифлейн сатады олар) сабақ беретін тағы да мен. Сонан не болды дейсіздер ме? Не болушы еді ән-күй адыра қалып, бос орынға сабақ бере беріп «Дежурный мұғалім» атандым мен. Күлмеңіздер. Кейде өзімді.

Дежурный врач,

Дежурный полицай болады да

Дежурный мұғалім неге болмайды деп жұбатамын.

Айтпақшы, алғашқы сабағымды қалай бердім соны айтайын. Шабандозбын ғой. Өлеңге өлсем жолаған емеспін! Тер қысты. Кейін барып шөл қысты. Оқушылар күледі. Құдай біледі бірнемені бүлдірсем керек. Сөйтсем жұмбақ жасырып тұр екенмін. Апыр-ай! Деп тұрғанымда «Япурай» деген әжемнің әні есіме түсті. Соны айтқыздым. Халық әні екен ғой ол! Халық әнін халықтың арасында айтпаса оқушыларға айтқызуға болмайды екен. Оларға отан, ерлік, еңбек туралы айтқызу керек екен.

    Іштей емес, сырттай бітірген соң іште не боп жатқанын мен қайдан білейін? Этика, эстетика дегенің өзің мұғалім болған соң түсіне бастадым ғой. Әй, көкпар-ай! Обал-жазырым нағашыма, кейін момын деректріме. Неге? Аузыңа абай бол деп, диплом ұстатқан сол. Ал анаған ән емес жарапазан, қисса айтқызсаңда бәрібір. Ескерту не тексеруді білмейді. Ақиқатын айтайын. Көкпаршы болған соң саусағым перне басуға келмейді. Қандай қулықтарға бармадым. Ауылдағы Айтпай қарияға домбыра тартқызып шертпе күйдің шебері, төкпе күйдің атасы деп айла тапсам, тексерушілер келгенде көненің көзі фальклорды тыңдайық деп алты кемпірге ауылдың алты ауызын айтқызып сыр бермедім.

Сосын оқушылар қай класты бітіргенімді қайдан біліп жатыр. «Қобыз класын» бітіргенмін деп тауып кетемін.

Білемін. Алтынсары мектебінде қобызды қопарсамда таппайтынымды! Осының бәрі кімнің кінәсі! Жуас деректрдің кінәсі. Әй, демейді-ау әй демейді. Жарайды өткен өтті. Көрші мектептің директорына қызығамын мен. Айғыр ғой. Айғыр!

Мұғалімдерді тәрбиелеп дәлізден есікке,есіктен домалатып тесікке тепкенде бар ма, ұжымнан үн шықпайды. Сындырады! Сағаттан қысып «лақтырып» талай істі тындырады! Ойбай-ау! Жалақы алғанда мұғалімдер: Әбеке, (деректрдің аты Әмірбек) қаншадан жинаймыз деп алдымен кіріп бұрылмай артымен шығып, комиссия, туған күнге ақшаны «өз еркімен» тастап кетеді екен! Өз еркімен тастаған «өтемақыны» коррупция дегенді қай мектептен көрдіңіз? Әне, тәрбие!

     Ойлаймын дә, осыны Август конференциясында, әдебиеттен беретін әлдебір апай үлгі етіп неге мәнерлеп оқып бермейді. Оқыса деректрлер тәжірибе алмасып үйренер еді деп. Әйел әдебиетші демекші мектебімізде сексен бір оқытушы бар. Жетпіс жетісі кешіріңіздер. Жетпіз сегізі әйелдер де үшеуі ер кісілер. Деректр, завуч және мен. Солардың салқыны тиді ме басшымызға не айтсақта жымияды да қояды. Әріге аттап баспайды. Керек пе осы? Керек емес! Жақында боянады дейді. Білемін.  Жас мұғалімдердің жалындап ұсыныспен келетінін. Шабандоз болған соң намыс кернеп ұсынысты менде айтқанмын.

    Мәке, әйелдер машине айдайды. Теңбіз деп темекі тартады. Алтынсарыдағы апайларға бізде көкпар шаптырып, имиджін көтерейік. Мәселен Торғын апайды торы айғырға, Алмагүлді ала айғырға мінгізейік деп.

-         Есің дұрыс па? Бірнеме боп кетсе қайтесің дейді.

-         Есім дұрыс! - дедім.

Арманым Алтынсары мектебінің атын шығарып аудан бойынша алға шығару. Осыны жуас деректіріміз түсінбейді. Жуас түйе жүндеуге жақсы. Білесіздер ме? Зиялылар түсінбедің дегенше түсіндіре алмадым деген мәдениетті дейді. Сөйтіп Мәкеңе түсіндіре алмадым. Дежурный мұғалім болғандықтан уақыт көп менде. Жетеді! Сосында оңашада ойға беріліп мұғалімдерді салаға бөлдім.

1.    Мұғалім материал. Олай дейтінім не жасасаңда көне береді. Қиындыққа төзе береді. Денелі ер мұғалімдерден шифоньер, шкаф, келісті келіншектерден комиссиялар демалатын диван-кровать жасауға болады екен! Деректрдің іш киім сырт киімін мұғалімдерден тігеді дегенде сыбыс бар.

2.    Мұғалім қолбала. Мектеп басшылары қағазын үйде ұмытып кетіп оқушыны жұмсасам оқып қояр деп, оқытушыны жұмсайды. Аздаған азық-түлік, памперс помидор алып мынаны жеңгеңе апарып бере сал деген жағдайлар да болған. Рас осы!

3.    Мұғалім тағам. Басшылар бас аспаз ғой. Мұғалімдерден қуырып қуырдақ, шыжғырып шұжық жасауға болады дейді. Аудандық кулинаршы әдіскерлер шоколад, торт жасаудың әдісін меңгеріп жатқан көрінеді.

4.    Мұғалім кепіл. Балаларының сапалы білім алуына ата-аналардың алдында кепіл. Әр оқушының жол картасын сызып үйден мектепке, мектептен үйге аман жетуіне де кепіл мұғалім екен! Ұстаздарды кепілдікке банкке, қоюға да болады. Бұрын арық тазалап, тал әктеуші еді. Енді жұрттың моншасын жағып арқасын езіп береді дейді. Олай болса аз ақшамен көп жұмыс атқаратын, арзан жұмыс күші де мұғалім.

Ойбай-ай ауылдың ақтөстеріне дейін ақылды. Таңдап талайды ғой. Кімді дейсіз бе? Мұғалімдерді. Мұғалім... мұғалім! Бұл бейбақтарды кім таламай жатыр қазір. Осының бәрі кімнің кесірі? жуас, жігерсіз деректріміздің кесірі! Намысты шабандоз мені осы келеңсіздіктерге төзеді деп пе едіңіз. Жоқ! О, шеш... дей бергенде шешім өзі келді. Екі жүз грамды тартып жіберіп өзімді өзім тастап кеп жібердім. Қайда дейсіздер ме, прямо полға!

Басымды столға соқтым. Өз қолымды өзім тістеп, саусақтарымды евроесікке қыстым.

Біздің эксперттерде кең пейіл ғой. Міне қорытынды:

Бас сүйегі сынған.

Жақ сүйегі тынған.

Қабырғасы қақырап, миы шайқалып,

Азамат өлуге аз-ақ қалған.

Екінші бетінде орысшасы:

Внутренний , наружный перелом черепа.

Сотрясение мозга 5-ой степени.

Ушиб правого, перелом левого бедра.

Фактіме факті!

Эксперттің қолы. Мөрі. Берілген күні.         

Момын деректрден құтылдық! – деп мектебіміз Алтынсарының акт залында айғай салдым. Даусымнан оянып кетсем түсім екен! Кейде түстің де өніңдегідей тура келетіні бар. Бұл отыз бірінші наурыздың түні болатын. Ертең 1-ші сәуір күлкі күні.

Ал күліңіздер.

Құрметті мұғалімдер, түсте болса әзіл деп біліңіздер!

 

 

Ералхан Жылқыайдарұлы.

10.03. 2017 жыл

 

Mektep-news.kz