^UP

foto1 foto2 foto3 foto4 foto5


Оқу-инемен құдық қазғандай

Оқусыз білім жоқ

Қартайғанда оқыған оқу-

мұзға жазғанмен бірдей

Мұғалім - мемлекеттің құлы емес!

Get Adobe Flash player
Шаблоны Joomla 3 тут

       Баламның ашық сабағына келгем. Тақта алдында олар жаттаған тақпақтарын айтып тұр, мұғалім «электронды» тақтасын сырт-сырт басып қойып тапсырма беріп жатыр. Тақта қызыл-жасыл қағаздармен, кабинет іші сары-көк шарлармен безендірілген. Біздің балалар бақытты ғой, деп ойладым. Өз балалық шағымды сағындым... ештеңе жоқ болса да, бәрі басқаша еді. Жоқ дейтінім, мен мектепке барған 90 шы жылдары ақ бор мен қоңыр тақтадан өзге ештеңе болмады. Кешке міндетті түрде свет өшетін. Бірақ мен бәрібір бақытты шәкіртпін.  Құдай жарық дүние сыйлап, мұғалімдер отбасында өмірге келуді нәсіп етіпті, екінші бақытым қайда барсам да алдымнан мықты ұстаздар кездесті. Сол қиын-қыстау кезде мұғалімім Жанат Шпекбаева (жаны жәннатта болсын) жоқтан бар жасап бізге сабақты қызықты өткізетін. Есептің өзін жай ғана шығара салмайтынбыз, алдымен қағаз балық аулап, ондағы теңдікті жазып, біраз қарбалас болатын. Кез келген іске «креативті» көзқараспен келетін. Ұстаздың қадірін балаң сабаққа барғанда біледі екенсің. Ертеңгі сабақты ойлап, түнімен дөңбекшіп, тыпырлап ұйықтай алмай жататынмын. Мұғалім түрлі скетчтер қойдыратын. 1 сыныпта құда түсу рәсімін көрсеткеніміз әлі есімде. Сол жылдары (1991-1997) мектепішілік, мектепаралық концерттер көп өтетін. Бір концертте мұғалімдердің бәрі жабылып қазақ көйлек тіккені есімде қалыпты. Шығарма жазу, сценраий жазу, арасында әзіл-қалжың жазуды да сол алғашқы ұстазым қалыптастырды. Өмірдегі екінші ғажайып ұстазым Қанипа Бітібаева (жаны жәннатта болсын) еді. Ұстаздың ұстазы еді-ау...біз ол кісіден «Қазақ тілі мен әдебиеті» сабағын емес, өмір сабағын үйрендік. Қазір мұғалімдер батыстық білім беру үлгісіне көштік деп жар салып жатыр ғой. Менің ұстазым оған 20 жыл бұрын көшіп кеткен еді. Ешқашан парталар рет-ретімен тұрмайтын, өзі мұғалім столында отырмайтын. Үнемі ортамызда отырып сабақ түсіндіреді. Кейде қыран көзін бір нүктеге қадаған күйі төгіліп сөйлейді. 1-2 дәптер шығарма жазып тастайды, сөзбен-ақ. Біз қазақ тілі әдебиетін тереңдетіп оқыған класс болғандықтан, 2 дәптер шығарма жазу біздің міндет болатын. Көбіне сабақты оқушылар жүргізетін. Ұстаздың демократтығы сонша, бізге журналға баға қоюға да рұқсат беретін. Өзі журнал толтырып, баға қоюды тоқсанның аяғында бірақ жүргізетін. Бір қызығы, әдебиетке баға қою керек емес, өйткені ол жан қалауы болуы тиіс дейтін. Баға қортқаны да қызық, осы бала өте жақсы, көзінде ой бар «5», осы қыз гүлдерді жақсы суарады «5» деп бәрін жарылқайтын еді жарықтығым... Мен 10-11 сыныпта пән олимпиадасына дайындалдым. Өзіміз интернатта тұрдық. Тәрбиешіден сұрап үйіне алып кетеді. Өзі сабақ түсіндіре жүріп, бауырсақ илейтін. Сондағысы үйдің тамағын сағындың ғой маған жаны ашып жүреді... Кейде сүт алып кел деп дүкенге жібереді. Әкелген затың дұрыс болмай қалса сатушыларды жерден алып жерге салып ұрсып қайта жібереді. Осылайша өз құқымызды қорғауға да үйретті. Қызыл күрең шай ішіп, бауырсаққа май жағып шай ішеміз. Түсіме ылғи Мұхтар Әуезов кіреді дейді. Үндемейді, жай отырады дейтін. Онысын сен Олимпиададан жақсы орын аласың деп маған қарата жорып қоятын. Бізге Абай мен Әуезовті көп оқытатын. «Қарагөз»  шығармасындағы әр кейіпкердің рөліне кіріп, шағын спектакль де қойып жіберетін. Қанипа апайымның әр сөзі кеше ғана айтқандай жадымнан шықпайды. Қолдаушым жоқ деп иініңді түсірме, талант бәрібір жарып шығады дейтін. Ешкімнің сөзін елең қылма, жарып шығудың, жеңіп шығудың жолын ойла дейтін... 

       Журналистикаға баулыған Айтмұхамбет Қасымов ағамыз өмірдегі үшінші ұстазым. Алғашқы мақалам 9 сыныпта облыстық газетке шықты. 400 теңге қаламақы алып, шабыттанғаным да есімде. 

         Маған осындай ҰЛЫ ұстаздардан тәлім алуға жолықтарған әуелі Аллаға, екінші ата-анама мың рахмет. Қай кезде де ұстаздың еңбегі ерен!!! Қадірлейік, бағалайық. Енді міне, еліміздегі барлық ұстаздардың пікір алмасу алаңы ретінде өздеріне арналған жеке сайт ашылып отыр. Сайт жұмысына сәттілік тілеймін. Мұғалімдер де енжар болмай, өз ой-пікірін, тәжірибесін жазып отырса, бастарындағы проблемаларын бір ауыздан көтерсе мұғалім мәртебесі көтерілері хақ! Дарынсыз бала жоқ, тек сол шәкірттегі шырағданды жаға білу ұстаздың парызы! Сіздер оқушы емес, тұлға тәрбиелеп жатырсыздар. Жалақысы аз, талабы көп болса да осы киелі мамандықты тастамай қызмет қылып жүргендеріңізге рахмет!!!

Айнұр Омар, Қазақстан Ұлттық арнасы, Апта.кз бағдарламасының аналитик-редакторы