^UP

foto1 foto2 foto3 foto4 foto5


Оқу-инемен құдық қазғандай

Оқусыз білім жоқ

Қартайғанда оқыған оқу-

мұзға жазғанмен бірдей

Мұғалім - мемлекеттің құлы емес!

Get Adobe Flash player
Шаблоны Joomla здесь

Жүректегі жан айқай...

Ақша бермегеніне мұңаюдан пайда болған әкеме деген өкпемнің кейіннен өз өмірімнің, арымның алдында шырақ боларын кім білген..?!

    Алуан түрлі тағдырдың иесі болып саналатын адамдардың мекеніне айналған бұл дүниеде сан түрлі жағдайлар кездесіп жатады. Барлығымызды да жалқаулықтың мысы басып, қолымыздан келмегеннің бәрін «басымызға жазғаны ғой» деп тағдырымызға қарай төңкере салатын әдетіміз бар. «Тағдыр – өзіңнің өрнектеген өмірің» екенін ойымыздың бір түкпірінде мойындасақ та, көп жағдайда сыртқы жүзімізбен санасыз адамдардың суретін көрсетумен күн өткіземіз.

    Адам болып туылғаннан кейін, армандау да біздің адами қасиетіміздің бірі емес пе? Арман – алғырды алға жетелесе, ақымақты сағым секілді сенделтіп жіберетіні де рас. Балдәурен балалық шақта қиялымыз ерекше жүйрік еді. Мектеп қабырғасында жүргенде журналист болсам деп армандайтынмын. Тіпті бастауыш сыныптың табалдырығын аттаған сәттен бастап, арманыма қарай ақырындап болса да адымдау үшін «Ана тілі» кітабын қолымнан тастамай оқитынмын. Осы пәнге деген құштарлығымды байқаған алғашқы ұстазым мені алдағы уақытта болатын жарысқа алдын-ала дайындап жүрді. Сол сәттерде өз бойымдағы қабілетімді өзгелердің байқағанына бала жүрегім атша тулап қуанған едім. Бірақ сол жарысқа кірместен бұрын менің қуанған жұлдыз жүрегім жерге құлап түсті. Себебі, қатысушыларға қазылық ететін адамдар бізге қойылатын бағаларға байланысты өздерінің «бағаларын» айтып, ұстазыма сұрықсыз күлкілерін көрсеткенде жүрегімде осы өмірге деген ең алғашқы жиіркенішті сезімім пайда болды. Сол жиіркенішпен өмірімді әрі қарай жалғастыра берер ме едім, әкемнің турашылдығы мен тазалығы әсер етпегенде?! Қазылар мен ұстазымның арасында болған әңгімені естіген әкем парықсыздарға пара беріп жеңіске жеткеннен гөрі жарысқа қатыспай-ақ қойғанымның жөн екенін айтып түсіндірді. Сондықтан әлгі әділдіктің иісі мұрындарына да бармайтын «әділ қазылардың» ұсынысынан бас тартып, жарысқа кірдім. Сол сәтте өзімді балық аулау кезінде қармағына жем байлауды ұмытқан балықшыдай сезіндім. Сайыс тапсырмаларының барлығын жоғары дәрежеде орындап шықсам да, қорытынды жариялайтын уақытта көзімнің нұрын үмітсіздік басып үлгерді. Осылайша бірінші орыннан қағылып, екінші орынды еншілеп қайттым. Сол кезде мен небәрі 3-сынып оқушысы едім. Алайда, жас жеткіншек болсам да сол уақытта менің кішкентай жүрегіме өмірге деген өкпе, өзіме деген сенімсіздік кіріп үлгерді. Осы жүрегіме жүк болған жаман сезімдерімнің арқасында жылда болатын дәстүрлі жарыстан мен 11- сыныпты бітіремін дегенше екінші орынды иемденумен болдым. «Жемқорлық» деген түсінік менің бала жүрегіме осылай енген еді. Жемқорлық жарыстарда ғана жүзеге асады деп ойлайтынмын. Себебі, адалдықты абырой деп ұғынатын әкем мен анам бұл өмірдің ащы тұстарын бізге аңғартпауға тырысатын. Бәлкім, балалық тәттілігімізден айырғылары келмеген шығар. Бірақ өмірдің өткірлігінен ешқайсымызда қашып құтыла алмайтынымыз барлығымызға да аян.

    Мектеп бітірер сәтте де журналист боламын деген арманым жерге шаншылды. Ізімнен көлеңкедей қалмаған «жемқор жыртқыштардың» ықпалы мені құлықсыздыққа, жалқаулыққа итермеледі. Өз «түйсігіммен» «жемқорлықтың» күресінде мен жеңіліске ұшырағандай болдым. Қабілетімді қалтарыста қалдырып, жаныма жігерсіздікті жұп еттім. Турашылдығымнан тайғанақтай бастаған мен өмірдің желі мені қайда итерсе, сол жақта қала беретін әлсіз адамның кейпіне енгендей болдым. Бірақ, есейе бастаған кезімде болған бір оқиға маған тұғырлы талпынысыммен тағдырдың өзін тізе бүктіре алатындығымды дәлелдеп берді. Бұл тұста да жамандықты жүрегімнен жұлып тастауға әкем себепші болды.

Әкем – өте білімді адам. Ол мен үшін өте құнды қазына. Кей сәттерде әкемнің бойында екі адам қатар өмір сүретін секілді болып көрінеді маған. Себебі бойынан ұлылықтың да, кішіліктің де табы білінеді. Бірде ешкімге еңкеймейтін даралықты байқасам, бірде еркелігіңді ескерусіз қалдырмайтын елгезектігін байқаймын. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектепте бере алмайды» деп жатады халық даналығы. Саналылықтың сарынын байқататын сырлы сөздің сан түрлі мағына беретіндігін енді ұғындым. Бала күнін көп балалы жанұяда қияндықпен қоса өткерсе де, білімге деген талабы таудай болған екен. Қаншама рет емтиханнан құлатып қайтарса да, қадалған жерінен қан алатын әкем қайсарлылығынан танбай, өз күшімен оқуға түскен. Оқуында да осалдық танытпай, үздік бітіргенде ерен еңбегі ескеріліп заң қызметкері болып жұмысқа қабылданған. Мұның өзі де мен үшін өшпестей өнеге. Айтайын дегенім, сол әкемнің замандас таныстары жайында. Әділдікті әспеттейтін әкем ұзақ жылдар бойы төккен терінің арқасында тергеу бөлімінің бастығы дәрежесіне жеткен. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүр. Сол кездерде әкеммен жастары тұспалдас бай балалары бес жыл оқуға мойындары жар бермей дайын дипломды иемденген екен. Оларда әкеммен қатар қызметтес болып жүрді. Заң қызметкерлерінің 45-жаста зейнеткерлікке ұсынылатындығынан барлығымыз да хабардармыз. Адалдықтың ақ туынан айырылмаған әкетайым 45-ке келіп зейнеткерлікке шығып жатқанда аяқ астынан тексеріс келді. Зейнетке шығуына аз ғана уақыт қалған әлгі көкелеріміздің абыройы әп-сәтте аяқ асты болды. Жалтыратып жүргендері жасанды куәлік екендігі жалпақ жұртқа жария болып, жұмыстан шеттетілді. Қаншама жылдар бұрынғы болған оқиға болса да ешқашан есімнен кетпейтіндей ой түйген едім сол сәтте. Түсінгенім, жемқорлық жеңіл жолды болғанымен, ешқашан жазасыз қалмайды екен. Содан бастап мен талпынысымды қайтадан түзетуге тырыстым. 

     Мектебімді бітіріп, үлкен қалаға оқуға келдім. Ұямнан алысқа адым басқаннан кейін мен өмірге өз көзқарасыммен қарай бастадым. Жанұямнан жырақтаған мен жемқорлықтың тек мен қатысқан жарыстарда немесе әкемнің қызметінде ғана болмайтындығын ұғындым. Теледидардағы жаңалықтарға қарап, жаным түршігеді. Жанымды қинайтын себептерімнің біршамасын түсіндіре өткенді жөн көрдім.

      Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр» деген кең мағыналы сөз бар. Жетімдер үйіндегі балаларды арнайы баспанамен қамтамасыз ететін бағдарлама жылда ұйымдастырылады. Жемқорлықтың зұлымдығы сол жаққа да жетіп үлгеріпті. Жетім балаларға берілетін үйлердің басқа адамдарға астыртын сатылатындығы және үйге кезекке тұрған адамдардың уақытын тезірек өткізу үшін пара алынатындығы анықталған. Адам атымыздан безіп қайда бара жатырмыз біз осы ?! Онсыз да ата-ана махаббатынан тыс қалып, алқымына ащылық тығылып, жүректері тас болып кетердей болып жүрген тұлдыр жетімдердің несібесін тартып жеу Алланың жаратқан құлдарының қасиетіне жата ма?! Әлде ақшамен арбалып, жемқорлықтың жетегіне еріп жүргенде жүрегімізді, адамдық адал ниетімізді бір жерде ұмыт қалдырдық па? Жаратқаннан жатпай тұрмай байлық тілегенше, мейірімділік пен махаббат тілегеніміз жөн.

«Балық басынан шіридінің» керін келтіріп, егеменді еліміздің еңсесін тіктейді деп сеніп жүрген ел ағаларының ішінен де итбалық секілді алдындағысының бәрін жұтатындары табылып жатыр. Қызметінің құзіреттілігін пайдаланып тапқан қаражатына қоса елге тиісті қаржыны да қалтасына басып өзге елге қашу беделді адамдардың арасында сәнге айналып бара жатырған секілді. Күні кеше ғана солардың бірінің шетел түрмесінде қаза тапқанын жаңалықтар жар салып айтып жатыр. «Керуен кері бұрылғанда ақсақ түйе алдыға шығады» демекші, жемқорлықты жанына серік етіп жұрттан безгенде қандай жақсылық тапты?! Әр істің жақсылығынан үйреніп, жамандығынан жиренуді үндеген Абай ұрпақтары бұл оқиғадан кейін жүректеріне үлкен ой түйеді деп сенемін.

«Болмасам да ұқсап бағу» үшін жүйрік журналистердің жарысып жазатын баспасөз бетіндегі жаңалықтарына да жиі шолу жасап тұру менің әдетіме айналған. Сондағы бір мақала жанарыма жас үйірілтті. Бұл жолғы көзі жасы – жасықтықтан туған емес, қазақтығыма тән намысымның жасы еді. Ауру адам жанын қысқанда әуелі Алладан медет тілесе, екінші ақ халатты абзал жандардан жәрдем күтеді. Бірақ параны пұлдап мал табудың «ақ халатты абзал жандардың ауылына» да жетіп үлгергені мендегі шарасыздықтың күрсінісін көбейтіп жіберді. Бұл мақаладан ұққаным, дерті тәнін дендеп, дауа іздеп науқасты көрген дәрігер, ол адамды ауруханаға жеткізіп алғашқы көмекті әрі қарай жалғастыру үшін ақы сұраған. Үкімет тарапынан берілетін төлем тақияларына тар келді ме сонда?! Әлде ынсапшылдық пен ыждаһаттылықты, қанағат пен қайырымдылықты ұмытқаны ма? Ондай қасиеттерден алыстағандарды «абзал жан» деп әспеттемек түгілі, «адам» атынан айыру керек! Ашынған адамның алқымы қысылып бітеді екен осындай сәттерде... Перзентханаларда да параның басты табыс көзі екендігін естіп жүрміз. Шынтуайтына келгенде, менің есепсіз ақша алып Алланың алдында алуан түрлі күнәнің авторы атанып жатқан «ақ халаттыларға» емес, көздерін ашып үлгерместен парамен өмірлерін бастап жатқан перзенттерімізге жаным ашиды. Балаларымыздың болашағының бастамасы болып табылатын қасиетті перзентхананың өзінде мұндай жағдайлардың болатындығы мені жиі толғандырады. 

     Жастардың жұмысқа деген қызығушылығы жоқ немесе елімізде жұмыссыздардың саны ұлғайып бара жатыр деген сөздерге қазіргі таңда көпшілік адамдардың құлақтары да жаттығып қалған шығар. Бірақ осы мәселенің түпкі негізінде тағы да жемқорлықтың жылтырап жатқаны бәрімізге де сөзсіз түсінікті. Айлап ащы терін төккенде алатын айлығы бес-он тиынға әзер жететін қарапайым жұмыстың өзіне хан тағының құнын сұрайтындар қаншама?! Сол жұмысқа зәру жандардың ішінде жетім де, жесір де, тамақ сұрап шырылдап жылаған көп баланың ата-анасы да бар екендігін жүректерінің қай тұста екендігін ұмыта бастаған жыртқыштардың жетесіне жеткізе түсындіру қиынның қиыны... 

       Осылайша бар келеңсіздікті жіпке тізгендей етіп айта бере болсам айдың өзі аздық ететін секілді. 

      Білім де – пара, өмірлік қажеттіліктер де – пара, денсаулық та – пара, жұмыс та – пара, бара-бара жұтатын ауамызға да пара талап ететіндер табыла ма деп қорқамын. 

     Иә, бүгінгі таңда, жемқорлық – айта-айта жауыр болған мәселелердің қатарында. Бірақ, баяғы жартас, бір жартас, ештеңе өзгерер емес. Жеңіл жолмен жанын бағып, жұрттың несібесінен нан тартып жейтіндерден қайтсек құтыламыз?! Әлде «Есім ханның ескі, Қасым ханның қасқа» жолындағыдай шүкіршілігін ұмытқан мәңгүрттерді елден аластату керек пе? Олай жасаған күнде, бас-аяғы небәрі 17 миллионға жетіп жығылатын қандастарымыздан қаншасы қасымызда қалатынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші... Дәл осылай ойлаған сәтімде тәнімнің жайын ұмытып, жанымның ауырғаны қинайды мені... Шыда, жүрек, шыда!!! 

     «Қазақпыз!» деп қастерлейміз өзімізді бәріміз. Сіз де «Қазақпын!» деп дауыстап айтып көріңізші... Қаншама қасиет жатқандығын ұғына алдыңыз ба?! Жалпы, «қазақ» деген сөздің түпкі негізінде «азат», «намыс» деген сөздер ұштасатын секілді. Қасиетті қанымыздың қадірін кетірмейікші, қандастар!!! 

     Өмір – керуен. Бір орында ешқашан тұрақтап қалмайды. Сіздің үлгеріп-үлгермегеніңізге қарамайды, оның мәңгі тоқтамай алға жылжи беретін өз тілі бар. Сондықтан, жемқорлықтың жеңілдігіне қызықсаңыз да артқа қарай көз тастап көріңіз. Сіздің балаңыз да сіз салған жолмен жүріп келеді... Оны да жыртқышқа айналдырмаңыз... Келешек ұрпақ алдындағы ұлылығымыздан айырылмайық!!!

        Шығармамның басын болмашы ғана жарыс туралы бастадым. Олай жазуымның себебі: «Балаларымыздың өмірін былғамайықшы»,- дегім келді. Ал әкемнің қызметтестері туралы сөз қозғауымның себебі: «Ертеңімізді ойлап барып, бүгінімізге қадам басайықшы»,- дегім келді.

       «Қыран болсаң кеңістік көп қайда да!» - деп жырлайды мықты рухтың иесі Мұхтар ағамыз. Жемқорлықты жолдан ысыру өз қолымызда екендігін ұмытпайық!

         Мен асау да арманшыл жүрегімнін жан айқайын осылай ақтардым. Шығармамның түпкі негізінде әдеби тіл де, ғылыми тіл де емес жүрегімнің тілі жатқанын турашылдықты ту еткен жандардың ұға білетіне сенімім кәміл. Тек жан сырымды көкірек сарайына орнықтырар жан болса игі...

 

Әйгерім Мырзабекқызы

Ақтөбе облысы