^UP

foto1 foto2 foto3 foto4 foto5


Оқу-инемен құдық қазғандай

Оқусыз білім жоқ

Қартайғанда оқыған оқу-

мұзға жазғанмен бірдей

Мұғалім - мемлекеттің құлы емес!

Get Adobe Flash player
Здесь нашел интересный обзор

Жуырда білім саласындағы келеңсіздіктер мен құқық бұзушылыққа қатысты Республика ұстаздарының «Үндеуі» жарияланған еді. Осы үндеуге «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары В. Беженаров жауап берген болатын. Соны назарларыңызға ұсынамыз. Әзірге БжҒМ «Үндеуде» жолданған сұрақтарға жауап берген жоқ. Естеріңізде болса "Хабар"  арнасында,  «Білім» бағдарламасында А. Сағидулла білім министрлігінен келген өкілге табыстаған болатын.

- Тәуелсіз елімізде орны төрде болуға тиісті ұлағатты ұстаздарымыз әкімшілік пен мектеп директорларының қолбаласына айналған. Көнбіс, жалтақ мұғалімдерден тәрбие алып жатқан ұрпағымыздан қандай болашақ күтеміз? Мұғалім азат болмай, оқушы еркін ойлы бола алмайды. Сондықтан, облыстық, аудандық білім басқармаларын ҚР Білім және ғылым министрлігі жергілікті әкімшіліктен өз құзіретіне өткізіп алуы керек немесе әкімдіктер мұғалімдерден «ақша жинау» мен «қара жұмысшының » орнын толтырту әрекетінен тыйылса? 

Мектептің жөндеу жұмыстарына ақша жинаудың алдын алу үшін, әр оқу орынының жөндеу жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты баспасөз беттерінде жариялануы керек! «Мұғалім неге ақша жинайды?»-деген сұраққа бас ауыртып көрдіңіздер ме? ЖОҚ! Ол ақша мектепті жөндеу жұмысына жұмсалады. Мектепке қаражатты әкімдіктер бөледі. Әкімдіктен бөлінген ақшаға, жасалған жөндеу жұмысына, ол жөндеуді жасағандарға қатаң бақылау жасалуы керек! Мұғалімдерді мектепті жөндеу жұмысына араластыруға жол берілмеуі керек қой?

 

- Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының басшылығы өзінің барлық бағдарламалық құжаттарында «Мұғалім, басқа маман өкілдері тұрған сатыдан да биік деңгейде тұруы тиіс» екендігін әрдайым, атап көрсетеді».

Мектеп, мемлекттің негізі және жүйелік қалыптасудың бастамасы болып табылады. Балаларымыздың болашағы - еліміздің болашағын айқындайтыны сөзсіз.

Білім сапасы мұғалімнің білім беру жүйесіндегі мәртебесіне байланысты. Білім беру саласына қоғамның үздік өкілдерінің келгені абзал.

Мықты білім берудің екінші факторы, еліміздің әр бір оқушысының сапалы білім алу мүмкіндігі болып табылады. Ал бұл үшін мектептердің материалдық-техникалық базасын түбегейлі жақсарту қажет. Яғни қазіргі заманғы компьютерлер, балалар жасына сәйкес жиһаздар, барлық қажетті жабдықтармен қамтылған физика, химия, биология, технология және тағы басқа пәндік кабинеттер.

Кәсіптік одақ осы мәселе бойынша әрдайым принципті позицияны ұстанған және қазіргі уақытта да ұстанады, және де оған Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында ұсынылған барлық мүмкіндіктер мен әдістер арқылы қол жеткізуге атсалысуда. 

Кәсіподақ басшылығы жалпыкәсіптік мүдделерге қатысты барлық  атқарылып жатқан  қызметтері бойынша транспаренттілік саясатын ұстанады. Бұл жөнінде мәліметтерді көптеген бұқаралық ақпарат құралдарынан таба аласыздар.

Кәсіподақ мамандарымен жыл сайын мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша ондаған ұсыныстар әзірленеді және енгізіледі. 

Өкінішке орай, біздің барлық талаптар мен ұсыныстар тиісті мемлекеттік билік және басқару органдарымен қабылдана және жүзеге асырыла бермейтінін айта кету керек. Дегенмен, күрделі мәселелерді шешудің тиімді құралы болып отырған әлеуметтік әріптестік жүйелі түрде дамып, оңтайлы нәтижелерін беріп отыр.

Қазіргі уақытта мемлекетте жеткілікті игі жақсы заңнамалық база қалыптасқан, және де азаматтардың құқықтарының бұзылуы мен әртүрлі қиянат көрсетілудің басым бөлігі, нормативтік құқықтық актілердің талаптарын тиісті деңгейде орындамағаны себебінен, ал кейде толық елемеуінен туындап отырғанын айта кеткен жөн.

 

Мектептерде ақша жинау мәселесіне тоқтаталатын болсақ, оған қарсы күресудің заңды тәсілдері бар: 

- басшылықтан ағымдағы оқу жылына мектеп бюджеті туралы қызметкерлерді ақпараттандыруды талап ету;

- мектепте заңсыз ақша жинауға дәлелдемелер жинау. Бұл мүмкін аудио немесе бейне сөйлесу, куә ретінде мәлімет беру, хаттар және т. б.

- құқық қорғау органдарына бопсалау және заңсыз ақша жинау фактілері туралы қорықпай хабарласу;

- прокуратура, білім беру басқармасына хабарласу;

- білім және ғылым министрінің блогына www.dialog.egov.kz немесе 010000, Астана қ., Мәңгілік ел, 8 мекен жайы бойынша шағым жазу;

- электронды цифрлық қолтаңба болған жағдайда «электронды пошта» арқылы электронды хат жолдау;

- сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына жазбаша келесі  мекен-жайына 010000, Астана қаласы, Сейфуллин көшесі, 37 және Сall-centr, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне, – 1494 номеріне хабарлауға болады.

Ақша жинауға жол бермеу мақсатында «Ата-аналардан, білім алушылар мен тәрбиеленушілерден ақша жинауға тыйым салу туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 23-желтоқсанда №562 бұйрығы шыққан. Осы бұйрықтың талаптары орындалмалған жағдайда кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылатыны, тіпті білім беру ұйымының басшысы қызметтен босатылатыны көрсетілген.

 

- Түрлі тексерулер мен сынақтарға арналған оқушының біліміне қосар үлесі аз қағаздарды ұстаздарға толтырта берудің дәл қазіргі технологияның дамыған уақытында қажеті шамалы. Сондықтан мұғалімдер біліктілігі мен оқушылар білімі ілгерілесін десек артық қағазбастылықтан қалай құтыламыз?

 

- Мектеп мұғалімдерімен толтырылатын құжаттардың мазмұны, көлемі мен санын нормативті түрде анықтау ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің құзіретіне кіреді. 

 

-Бір мекемеде басшылық қызметте 15-20 жылдап отыру таныстық-тамырластыққа апарады, ол ары қарай сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа ұласып кетеді. Сондықтан мектеп директорларының бір орында тапжылмай ұзақ отыруына мүмкіндік берілмесе, 3 не 5 жылда бір ауыстырылып отырмасқа?

 

- «Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 35)- тармақшасына сәйкес орта білім беру мекемелерін әкімшілік кадр ресурстарымен қамтамасыз ету арқылы білім беру сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық тағайындау қағидалары дайындалған. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген және де мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында білім бағдарламасын іске асыратын басшының бос лауазымына конкурстық тағайындау тәртібі мен шарттарын айқындайды.

Жоғарыда аталған Қағидалардың 26-пунктіне сәйкес жұмыс істеп жатқан орта білім беру мекемесінің басшысына Конкурсқа қатысқан кезде, ол атқарған лауазымда мерзімі (5 жыл) өткеннен кейін, осы Конкурсқа қатысушы жұмыстың оң нәтижелері мен тестілеу нәтижелері болған жағдайда лауазымға қайтадан кірісуге басымды құқығы бар. Алайда, міндетті түрде сол орынға баруы шарт емес. 

 

- Мектепке жан-жақтан келетін тексерулердің барлығы дерлік тек ақша жинаудың амалы. Ол тексерістерден оң баға алу үшін тағы да мұғалім қалтасындағы қаражатынан қағылады. Сондықтан қаптаған тексерістердің қажеттісін ғана қалдырып, керексізін мүлде алып тастау қажет. Мектептерде материалдық жағынан, интернет желісі, кітаптар жетіспеушілігі көп орын ала отырып, мектептерде есеп беру кезінде «барлығы жеткілікті» деген жалған ақпарат беру қашан тоқтайды? Неліктен осындай жағдай алып отыр? Электронды күнделік жобасы қағазбастылықтан құтқаратын жоба деп таныстырдыңыздар. Ол қалай жұмыс істеп жатыр?   Интернет желісі жұмыс жасамайтын жерлерде басқа аудан орталықтарына барып толтырып жүр. НОБД да да осындай жағдай. Жеке штаттар неге берілмейді? Мектептерде мұғалімнің жұмысы мұғалімнің жеке компьютерімен шешіліп отыр.  Барлық қағаздар мен керек жарақтары жеке қалта есебінен шешіліп отыр. Бұндай «тонауларды» тоқтатуға бола ма?

 

- Әрине, орта мектепті қаншалықты өзгерту, оның ішкі сырын білетін мұғалімдерге ғана аян. Сіздердің орта білімге қатысты ұйымдастырушылық басқару жүйесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы барлық сұрақтарыңыз ҚР Білім және ғылым министрлігіне жеткізілетін болады. Өйткені, ұйымдастырушылық басқару құрылымы бойынша қандай да бір шешім қабылдауға Кәсіподақ құзіретті емес. 

 

- Елімізде Конституция бойынша мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабы 1- тармағына сәйкес «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі».

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 51- бабы 4-тармағында - Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог жұмыскерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейтіндігі туралы нақты көрсетілген. Сондықтан да сенбіліктер ерікті негізде өткізіледі, мәжбүрлеуге ешкімнің де құқы жоқ. Сонымен қатар әртүрлі мәдени іс-шараларға билеттер сатып алу тек ерікті түрде ғана болуы тиіс. Сондықтан мұғалімдерді түрлі көше тазалау, үй аралау, қысқы жылу қазандықтарына кезекшілікке қою қысқартылса? 

 

- Мемлекетіміздің негізгі заңы - мәжбүрлі еңбекке тыйым салады. (Қазақстан Республикасы Конституциясының 24- бабы 1-тармағы). Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 7-бабында мәжбүрлі еңбекке тыйым салынатыны көрсетілген.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабы 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог жұмыскерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейтіндігі жазылған.

Яғни, қызметкерлерден еңбек шартында көзделмеген жұмысты орындауды талап етуге тыйым салынады, яғни талап етуге ешкімнің құқы жоқ.

 

- Мектептерде сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандарға ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр! Мектеп тәрбие ордасы екенін ескерсек бұдан қандай тәрбие шығады? Болашақта жемқорлықпен қалай айналысып, қалай ақша алып одан қалай құтылу керек екенін үйретеміз бе? Жемқорлықпен күрескен мұғалімдерге қысым жасауды тоқтату үшін не істей аламыз?

 

- Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінде еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар және қойылатын шектеулер негізінде тұлғаларға білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдануға жол берілмейді.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 26-бабы 2- тармағының 3) - тармақшасына сәйкес адам өлтіргені, денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, адамдардың денсаулығына және имандылыққа, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауда жүрген немесе қудалауда болған (ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларының негізінде оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда) адамдарды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52 - бабы 1-тармағының 21)-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскер заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін жоятын сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық жасаған жағдайда, жұмыскердің  еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.

Парақорлық, лауазымын асыра пайдалану, азаматтардық құқын таптау т.б. с.с. көріністермен көпшілікпен жұмыла күрескенде ғана табысты және нәтижелі болатынын әрбір кәсіподақ мүшесі түсінуі керек.

 

-Мектептерде газет-журналдарға жазылу ерікті түрде ғана жүзеге асуы тиіс! Әкімдіктердің газетке жаздыруға  жеке жоспар мен "тізімдер" беру доғарылсын!  Газет – журналдарды, елімізде өтіп жатқан жаңалықтарды теледидар мен интернет желісінен де оқып алуға болады емес пе?!

 

- Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабы 2-тармағына сәйкес әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Демек, қандай бұқаралық ақпарат құралдарынан ақпарат алатынын азаматтар өздері анықтайды.

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1- тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін таратуды меншік иесінің шешімі бойынша оның өзі, не шарт негізінде немесе өзге де заңды негіздерде редакция, баспагер, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар жүзеге асырады.

Белгілі бір немесе басқа басылымға жазылымды рәсімдей отырып, біз азаматтық-құқықтық келісім-шартты бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі немесе жазылымды рәсімдеуге тапсырыс алған ұйыммен жасайтынымызды айта кету керек.

Азаматтық заңнаманың негізін қалайтын бастаманың бірі келісім-шарттың еркіндігі принципі болып табылады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 2-бабы 2- тармағында азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын белгiлеуде ерiктi екені көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 380-бабы 1-тармағында шарт еркіндігі принципінің мазмұны нақтыланған, яғни азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi. Осы Кодексте, заң құжаттарында немесе өз еркiмен қабылдаған мiндеттемеде шарт жасасу мiндетi көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берiлмейдi.

Сонымен, белгілі бір газеттерге жазылымды азаматтарға рәсімдеу міндетті болуы үшін, мұндай міндетті қандай да бір тиісті заңнамалық актпен бекіту қажет. Ол кезде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 399-бабына сәйкес басылымға жазылуды шартты түрде міндеттеуге мүмкіндік туындайтын еді. Алайда, басылымға жазылу міндеттемесі ешқайда бекітілмеген. Сонымен қатар, ол жоғарыда келтірілген ақпараттарды алу еркіндігінің нормаларына анық қарама-қайшы келер еді. 

Жұмыс беруші тарапынан жұмыскердің басылымға жазылудан бас тартқаны үшін қандай да бір санкцияларды қолданса, ондай әрекет кемсітушілік сипатында қарастырылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 145-бабына сәйкес азаматтардың тең құқықтылығын бұзу болып саналады. 

Сондықтан да, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар немесе жеке меншіктегі ұйымдардың қызметкерлері болсын бұқаралық ақпараттық құралдардың қандай да бір басылымына мәжбүрлі түрде жаздыруға  құқұқтық негіздері жоқ.

Құқық бұзушылық жинағын мемлекеттік функцияларды орындаумен үйлеспейтін қызмет  толықтырады, мәселен,  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы»  Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлғаларға, лауазымды тұлғаларға мүліктік немесе өзге де игіліктер алу мақсатында өздерінің қызметтік өкілеттіктерін құқыққа сыйымсыз пайдалану арқылы ұйымдардың немесе жеке тұлғалардың материалдық мүдделерін қанағаттандыруға жәрдемдесуге тыйым салынады.

Мәжбүрлі түрде басылымға жазылудан бас тартқаны үшін жұмыс беруші қолданған кез келген санкцияға шағым жасалуы мүмкін.

- Мұғалім таңертеңнен кешке дейін мектепте. БжҒМ басқа мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан уақытында қайтуға ұсыныс жасаған. Ал мұғалімдер ше? Олардың балалары, отбасылары  жоқ па?  Курстан-курсқа қаңғып айлап кетіп жатыр. Мұғалімдерге де жағдай жасалуы керек!

- «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы 7-тармағының 1)- тармақшасына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін тікелей жүзеге асыратын педагог қызметкерлерге айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі орта білім беру ұйымдары және техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшiн - 18 сағатты құрайды.

«Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлеріне жалақыны есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 29 қаңтардағы №40 бұйрығының 7,8 - пункттеріне сәйкес білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне, оқытушыларына, тәрбиешілеріне және басқа педагогикалық қызметкерлеріне айлық жалақы ставкалары (лауазымдық жалақылар) апталық нормативтік оқу жүктемесіне сәйкес төленеді және олардың астрономиялық сағат бойынша жұмсаған жұмыс уақытына қарай белгіленеді. Сабақтар (дәрістер) арасында қарастырылған қысқа үзілістер (ауысулар) мұғалімнің (оқытушының, қосымша білім беру педагогының және басқа педагогикалық қызметкердің) жұмыс уақыты болып есептеледі.

Сонымен қатар, мұғалімнің жұмыс уақытына оқу-тәрбие жұмыстарының жоспарына сай көзделген іс-шараларға (педагогикалық кеңес жұмысына, әдістемелік бірлестіктер отырысы және т.б.) қатысуына жұмсалған уақыт қосылады. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленбеген білім беру мекемелері қызметкерлерінің жұмыс уақыты Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес аптасына 40 сағаттан аспайтын уақыт белгіленеді.

Еңбек шартымен, әлеуметтік әріптестік туралы келісіммен және (немесе) ұжымдық шартпен педагог қызметкерлері үшін жұмыс уақытының ұзақтығы азырақ қарастырылуы да мүмкін.

Сонымен қатар, мұғалімнің жұмыс уақытының сабақтарға дайындалуға арналған бөлігі есепке және бақылауға алуға келмейтіндіктен, жұмыс орнында болу уақытына - тек оқу жүктемесіне жұмсалған уақыт және оқу-тәрбие жұмысының  жоспарында көзделген іс-шараларға кеткен уақыт кіреді.

- Кейбір жерлерде «іссапар» шығындары мүлде төленбейді. Мұғалімдер өз қалтасымен барып келіп жүр. Бұл жағдай қашан шешімін табады?

-  «Мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегiндегi қызметтiк iссапарлары туралы ереженi бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі №1428 Қаулысының 12-пунктіне сәйкес іссапарға жiберiлген қызметкерге iссапарға жiберiлуiнiң алдында жол жүру ақысына, тұрғын үй-жай жалдауы және тәулiкақы бойынша шығыстарға тиесiлi сомалар шегiнде ақшалай аванс беріледi. Іссапардан оралғаннан кейiн қызметкер бес күннiң iшiнде ақша қаражатының нақты шығыстары туралы аванстық есеп беруге мiндеттi. Аванстық есепке белгiленген тәртiппен ресiмделген iссапар куәлiгi, тұрғын үй-жайды жалдау мен жол жүру шығыстары туралы құжаттар қоса берiледi.

Жоғарыда көрсетілген қызметтік іссапарлар туралы Ережесін бұзған немесе сақтамаған жағдайда, білім беру ұйымының жеке еңбек даулары бойынша келісім комиссиясына арыз түсіру қажет.

 

- Үш тілді реформаны жүзеге асыру барысында түрлі әлі біз түсінбейтін мәселелер көбейіп тұр. Ағылшын тілін үйрету тек ағылшын тілінің сағаттарын көбейту арқылы жүзеге асырылып бастауышта баланың өз ана тілінде білім алуына жағдай тудырылуы керек. Негізгі пәндер өз тілімізде өткені дұрыс.  Кадр мәселесі жеке курстармен шешілмейді. 

«Үш тілді реформа» қайта қоғам талқысынан өткізу керек. 

 

- ҚР Білім және ғылым министрлігі үштілді білім беруді кезең-кезеңмен енгізу арқасында бұл жаңалшылдық Қазақстандық орта білім беру ортасына табысты еніп және меңгеріліп кетуі тиіс деп сенім білдіріп отыр.

Өз кезегінде білім Министрлігі педагогикалық құрамның дайындығына ұдайы мониторинг жүргізіп отыратын болады. Үштілді білім беруді кезеңімен енгізу педагогикалық құрамның, мектеп және білім алушылардың дайындығына қарай жүзеге асырылатын болады.

Министрліктің мәліметінше, үштілді пәндік білім беруді кезең-кезеңмен енгізу 2017-2018 оқу жылынан бастап  5-сыныптарда  басталады. Орта білім беру жүйесінде үштілді білім беру аясында 2016-2017 оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушыларына ағылшын тілін оқыту бір сағатқа арттыра отырып оқытылады. Осылайша , ағылшын тіліне  бірінші сыныпта аптасына 2 сағаттан бөлінеді.

2018-2019 оқу жылында еліміздің барлық мектептерінде оқыту тіліне қарамастан,6-сыныптан бастап, "Қазақстан тарихы" қазақ тілінде, "Дүниежүзілік тарих" – орыс тілінде оқытылатын болады.

2019-2020 оқу жылынан бастап жоғары сыныптарда мектеп таңдауы бойынша "Информатика", "Химия", "Биология", "Физика" пәндері ағылшын тілінде оқытыла бастайды.

Біздің ойымызша, белгілі философ және педагог Д.Дьюидің "Біз бүгінде баланы оқытуды өткен күндегідей оқытумен  жалғастыратын болсақ, онда оларды жарқын болашағынан айырамыз", деген сөздерінің мәні бар 

Балалардың табиғаты туылғаннан оқып үйренуге бағдарланған, олардың оқуға, жаңашылдыққа табиғи ұмтылуын қолдау қажет, өзінің академиялық сәтсіздіктерінен сабақ ала отырып, шыңдала, мықты болу тиіс.  Әрбір балаға ересек өмірде кәсіптік және қаржылық табысқа қол жеткізу үшін жеңістің өзіндік формуласын әзірлеу қажет.

Мұғалім сыншы емес, сыншыл дос болуға үйренеді. Осындай тәсіл мұғалімдердің күнделікті тәжірибесін ғана жақсартып қоймайды,сонымен қатар, өзінің сыныптан, мектеп пен аймақтан тыс рөлін түсінуі арқылы педагогтардың өз-өзін бағалауын арттырады.

ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Өркениет өлшемі елдің білімді азаматтарының деңгейімен дәрежеленетін болады. Ендеше, ғасыр табалдырығын әлем таныған тәуелсіз мемлекет ретінде аттаған Қазақстанның болашағы – терең білімде, кемел ғылымда. Ал ел ертеңін айқындайтын өскелең ұрпақтың тәрбие тәлімі мен білім деңгейі ұстаз қолында. Сондықтан мұғалім мәртебесін арттыру – мемлекеттік міндет, қоғамдық парыз.

Mektep-news.kz