^UP

foto1 foto2 foto3 foto4 foto5


Оқу-инемен құдық қазғандай

Оқусыз білім жоқ

Қартайғанда оқыған оқу-

мұзға жазғанмен бірдей

Мұғалім - мемлекеттің құлы емес!

Get Adobe Flash player
Шаблоны Joomla 3 тут

 

 

Қазақстан ұстаздары Abai.kz ақпараттық порталы http://abai.kz/post/63318http://mektep-news.kz/index.php/2016-12-13-04-04-31/67-bilim-zh-ne-ylym-ministrine-ashy-khat ұстаздар сайт арқылы Білім және ғылым министрлігіне хат жолдаған. Сол хаттарыңызға жауап https://dialog.egov.kz арқылы министрдің жеке блогына салынған сауал арқылы алынды.  

 

 Сұрақ:

1. Көп мектептердің материалдық базасы жаңартылған мазмұндағы білім беруге сәйкес емес. Компьютерлер ескірген, (көп жағдайда ескі компьютерлерді есептегі компьютерлер саны азайып қалмас үшін облыстық білім басқармалары есептен шығартпай ұстап отыр) интернет желісінің өзі біреу ғана. Жылдамдығы төмен, басқа пән мұғалімдерінің пайдалануына мүмкіндік жоқ. Мектепте істен шыққан компьютер, принтер, проекторларға қосалқы бөлшектер сатып алуға мүмкіндік жоқ. (жергілікті бюджеттен қаржыландырады, ақша жетпейді дейді).

2. Жаңартылған бағдарлама мұғалімнің сабаққа тыңғылықты дайындалуды, таратпа материалдарды көптеп шығаруды талап етеді. Кейбір жерлерде кітап жетіспейді. Ол туралы айтылса, «кітап ресурс қана» оқушылар ақпаратты кез – келген жерден, интернеттен алуға да болады дейді. Бірақ интернеттің түрі жоғарыдағыдай болса, басқа қайдан алуға болады? Мектептерге бюджеттен қағаз тб концеляриялық товарларға неге ақша бөлінбейді? Орта есеппен 1 мұғалімге 1 жылға 18 қорап қағаз кетеді. Қазір өкінішке орай бұл салмақ мұғалімдердің мойнында.

5. BILIM-LAND, I-MEKTEP туралы. Бұл жеке серіктестіктің оқыту құралдары офлайн түрінде мектептерге таратылды. Көлемі 500 гб. Ішінара мектептерде желі арқылы таратуға мүмкіндік жоқ. Әр пәнді жеке-жеке шығарса. Онлайн кіретін мектептерге пароль, логин таратылған. Бірақ осы жеке серіктестік облыстық білім басқармаларына кірген-кірмеген мектептер туралы ақпаратты жіберіп рейтинг шығарып отырады. Сол рейтинг арқылы білім басқармалары мектеп мұғалімдеріне кірмегені үшін ескерту жасап кіріп сабаққа пайдалануына бұйрық береді. Бірақ ол мұғалімнің неге оны пайдаланбай жүргенін тексергендер болды ма? Жоқ. Бұл тағы да материалдық база компьютер мен интернетке келіп тіреледі. Мектептің әр кабинетіне интернетке қолжетімділік қашан орнайды? Осы компанияның электронды оқулығы бағдарламамен сәйкес емес.

6. НЗМ бағдарламалары жаппай орта мектептерге де таратылуда. Орта мектептер НЗМ сияқты оқушыларды, мұғалімдерді конкурспен қабылдамайды! Оған ерекше дарынды, тестен нақты нәтиже жинаған оқушылар іріктеледі. Материалдық базаның теңсіздігі және бар. Осы жағдай неге ескерілмейді?!

7. Электронды күнделік туралы. Электронды күнделік те жеке меншіктің дүниесі. Ресейден көшіріліп алынған. Ресейде мұғалімдерге оны толтырғаны үшін арнайы ақша төленеді. Бізде төленбейді. Мұғалімдер бір кабинетке кезекке тұруға мәжбүр. Тағы да іс интернетке келіп тіреледі. Материалдық базасы жетіспейтін мектепке тықпалаудың керегі не? Электронды күнделікке қатысты Қазақстан мұғалімдері арасында жүргізілген сауалнамаға 70 мұғалім қатысып, нәтижесінде 33 мұғалім «толтырамыз, материалдық база бар» десе 22 мұғалім «мектепте жағдай жоқ» деп, 14 мұғалім басқа жерге барып толтыратынын айтқан. Министрлік электронды күнделік толтыру туралы бұйрық шығарды. Бірақ интернеті жоқ жерлерге, нашар жерлер "толтырмай-ақ" қойсын деп сіз парламентте айттыңыз, бірақ арнайы бұйрық шығарған жоқсыз. Осыған жеке бұйрық шығарылсын, не пилоттық жоба тоқтатылсын, құрғақ сөз еш жерде жүрмейді. Мектеп жағдайы келмеген соң электронды күнделік толтырмаған мұғалімдерге ескерту, сөгіс беру, түсінік жаздыруға тиым салыңыз. Өйткені бұл пилоттық жоба.  Электронды күнделік жекенің қолында емес БжҒМ қолында болуы керек! Электронды күнделікті ҰБ(НОБД) кіріктірсін, ол жерде мұғалім, оқушы туралы толық ақпарат бар.

8. Материалдық база бойынша 102 мұғалімнен Қазақстан бойынша сауалнама алынған. Оның ішінде 59 мұғалім ӨЗІНІҢ ЖЕКЕМЕНШІК КОМПЬЮТЕРІ, ПРИНТЕРІмен жұмыс жасаймыз десе, 18 мұғалім «кез келген жерден ақшаға шығарамыз дейді. 12 мұғалімнің жеке кабинетінде компьютер, интерактивті тақта, жеке принтері бар. Кабинетінде ештеңесі жоқ-3, барлық керек жарақты мектеп әпереді деп – 2, ата-аналар қамтамасыз етеді деп 1 мұғалім жауап берген. Осы орайда ең бірінші реформа бағдарлама мен сөзбен емес, алдымен мектептің материалдық базасына реформа керек екенін де көрсетіп отыр. Мектептердің материалдық базасын қашан жетілдіресіздер? Мектептерге сапасыз техникалар әкелу қашан тоқтайды?

БжҒМ жауабы:

1,2, 5, 6,7 және 8-сұрақ бойынша:

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабының 2-тармағының 10) тармақшасына сәйкес Облыстың жергілікті атқарушы органы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мектептерді қолжетімді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (БҒДМБ) аясында жүргізеді. БҒДМБ іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органдар келесі іс-шараларды жүзеге асырады: 32-тармақ. Мектептерді кең жолақты Интернет желісімен қамтамасыз ету. 33-тармақ. Электрондық оқытуды енгізуге арналған техникалық инфрақұрылымды (жергілікті есептеуіш желі, мектептік сервер және компьютерлік парк), оның ішінде МЖӘ есебінен әзірлеу. 34-тармақ .Мектептерді пән кабинеттерімен,оның ішінде робототехника сыныптарымен жарақтандыру. Тұрғылықты жерден (ауыл/қала) тәуелсіз бірдей жағдай қамтамасыз ету үшін немесе мектептердің жабдықталу деңгейі цифрлық білім беру инфрақұрылымы аясында: - мультимедиялық жабдықтардың бірыңғай стандартты жинағымен мектептерді жабдықтау, шағын жинақты мектептерді бірінші кезекте (компьютер,көшірмелі мультимедиялық проектор, проекциялық экран немесе стационарлық интерактивтік проектор тақтасымен); - барлық мемлекеттік мектептерді кең жолақты интернет желісіне қосу; - оларды электрондық білім беру контентінің жинақтарымен қамтамасыз ету қарастырылды.

 

Сұрақ:

3. Қазір бізде 5 күндік оқу жүйесі. Мұғалімнің жұмыс сағаты 18 сағат. Бірақ мұғалімнің оқу-тәрбие жұмысына, жеке сабаққа дайындалуға кететін уақыты бақылауға келмейтіндіктен қалған уақытына ақша төленбейді. Оның ішіне педкеңестер мен оқу-тәрбие жұмысы бойынша жасалатын жұмыстар кіреді. Өкінішке орай көп жерлерде мектеп директорлары сенбі күні түрлі жиналыстар мен іс шараларды қойып отыр. Сенбі күні мұғалімдер сабағын дайындаса жексенбі күні басқалар сияқты бір күнін отбасына арнайтын еді. Осы мәселенің басы шешіп беріңіз.

БжҒМ жауабы:

3-сұрақ бойынша Еңбек беруші мен еңбеккердің арасындағы еңбек қатынастары Еңбек кодексімен реттеледі. Еңбек беруші мен еңбеккердің арасындағы еңбек қатынастары Келісім-шартқа сәйкес орындалады.

 

Сұрақ:

4. Мұғалімдерді көше тазалау, газетке жаздыру, үй аралау, мереке күндері кезекшілікке қою тб жұмыстар әлі тиылмай келеді. Еріксіз еңбекке соттың шешімі, не болмаса соғыс жағдайында ғана жол беріледі, Конституция, Білім заңы бойынша ондай іс-әрекеттерге тиым салынған. Мереке күндері кезекшілік Еңбек кодексінің 86-бабы бойынша жұмыскердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту 1) төтенше жағдайлардың, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың зардаптарын дереу жою үшін; 2) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың, мүліктің жойылуының немесе бүлінуінің алдын алу және оларды тергеп-тексеру үшін; 3) тұтастай ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі жедел орындалуына байланысты болатын шұғыл, күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі – делінген. Бірақ көп жағдайда мұғалімдерді мереке күндері кезекшілікке қою жалғасып келеді.  Мұғалімнің беделіне, қадір-қасиеті мен мәртебесіне нұқсан келтіретін жұмыс түрлері доғарылсын. Білім басқармалары мен білім бөлімдеріне осы туралы қатаң ескертуді сұраймыз.

БжҒМ жауабы:

4-сұрақ бойынша Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 51-бабы 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайды қоспағанда, педагог жұмыскерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысты жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Педагог қызметкерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тарту практикасын болдырмау және жеке санаттағы педагог қызметкерлердің міндетті түрде жүргізуге тиіс құжаттардың тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі бұйрығының жобасы әзірленді.

 

Сұрақ:

9. Қазіргі кезде АКТ деген сылтаумен мектептегі информатика пәні мұғалімдеріне көп жұмыс міндеттеліп отыр. BILIM-LAND компаниясымен жұмыс, электронды күнделікті администрация жасау, жылда толтырылатын ҰБ (НОБД) барлығы көп жерлерде «қоғамдық» жұмыс ретінде мойнына «ілінген». Жеке штаттар неге берілмейді?

БжҒМ жауабы:

9-сұрақ бойынша Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабының 4-тармағы 21)-тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы орган мемлекеттік білім беру ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуін жүзеге асырады.

 

Сұрақ:

10. Мұғалімдердің зейнет жасы қайтадан қаралса, әйелдерге 27, ерлерге 30 жыл жұмыс өтілімен. Қазіргі кезде мұғалімнің жұмысы ауырлады. 
Білім саласына келген жастарға жағдай жасалынсын.

БжҒМ жауабы:

10-сұрақ бойынша Зейнет жасын қарастыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне кірмейді.

 

Сұрақ:

11. Үштілділікке байланысты енді қазақ мектептерінде дүниежүзі тарихы келесі оқу жылынан бастап орыс тілінде оқытылады дейді. Ана тілінде оқытылсын. Үш тілділік реформа басталғанда БжҒМ ағылшын тілінде тек 10-11 сыныптар ғана оқытылады деген. Оның өзі оқушылар қаласа ғана деген. Бірақ бұл «өзі қаласа» деген пункт ауызбен ғана айтылғандықтан еш жерге жарамсыз. Нақты бұйрығын шығарсаңыз.  

БжҒМ жауабы:

         11-сұрақ бойынша Бір кезеңде қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқытуға көшу 2019-2020 оқу жылы 10-11 сыныптарда пилоттық режимде мектептердің дайындығына байланысты жүргізіледі. Үш тілде білім берудің стратегиялық мақсаты халықаралық стандартқа сәйкес қазақстандықтардың бір уақытта үш тілді меңгеруге қажетті жағдай жасау болып табылады. Атап айтсақ: - қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде сәтті азаматтық бірігуге ықпал етеді. - орыс тілі қазақ тілімен бір деңгейде ресми түрде пайдаланылатын тіл ретінде. - ағылшын тілі әлемдік экономикаға бірігу құрал ретінде. Сонымен қатар, 2018 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы республика көлемінде үштілділікті енгізуге қатысты мониторингтер, сауалнамалар жүргізеді.

 

Сұрақ:

12. "Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 шыққан. Осы орайда мектеп мұғалімдері өзінің міндетін білмегендіктен басқа да қосымша жұмыстарды атқарып жүр. Осы заңды сіздер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілсін.

БжҒМ жауабы:

 12-сұрақ бойынша«Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығы «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған. Сонымен қатар, аталған құжат «Әділет» Қазақстан Республикасы құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде тіркелген.

 

Сұрақ:

13. Бастауыш сынып оқулықтарының көлемі үлкен. Әріптердің үлкен болғаны дұрыс шығар бірақта кітапты үлкейту дұрыс емес. Сөмкені көтерегенде баланың белі қайысып кетеді. Көптеген ата-аналар бастауышта оқитын балаларының сөмкелерін көтеріп жүруге мәжбүр болуда. Кітаптарды қателіксіз шығару керек.

Министрдің жауабы:

13-сұрақ бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 тамыздағы № 611 «Оқулық басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтерді бекіту туралы» бұйрығы бекітілген. Аталған құжатта оқулық басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтер; оқулық басылымдары материалдарына қойылатын талаптар; оқулық басылымдарын басып шығаруға қойылатын талаптар; оқулық басылымдарын түптеуге қойылатын талаптар; электронды оқулық басылымдарының мәтіндік ақпаратын безендіруге қойылатын талаптар қамтылған.

 

 Mektep-news.kz