^UP

foto1 foto2 foto3 foto4 foto5


Оқу-инемен құдық қазғандай

Оқусыз білім жоқ

Қартайғанда оқыған оқу-

мұзға жазғанмен бірдей

Мұғалім - мемлекеттің құлы емес!

Get Adobe Flash player
Здесь нашел интересный обзор

 

Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылының орта мектебінде Наурыз мерекесі өте жоғары деңгейде және ерекше атап өтілді. Халқымыздың «Сәлем-сөздің анасы» деген ұстанымына сәйкес мерекелік іс-шараның шымылдығы амандасумен ашылып, дәстүрлі ән-күйімізден шашу шашылды. Мектеп оқушылары қазақ халқының салт-дәстүрлерінен тағылымы мол, терең тәрбиеге негізделген көріністер қойып, осы мерекені тамашалауға келген көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.  

Жаңатұрмыс ауылындағы мектепте өткен Наурыз мерекесінің ерекшелігі сол – бұл мектептегі оқушылардың басым бөлігі өзге ұлт өкілінің балалары. Наурыз мерекесін тойлауға жекелеген сыныптар емес, тұтастай мектеп дайындалыпты. Барлық оқушылар қазақтың ұлттық киімдерін киген. Мереке барысында айтылатын ән-биге де ерекше мән берілген. Түрік, күрд, ұйғыр, орыс т.б ұлт өкілдерінің балалары қазақша ән айтып, күй шертіп қана қоймай, мемлекеттік тілде өте сауатты сөйлейді екен. Жоғары сынып оқушыларымен сұхбаттаса отырып, Жаңатұрмыс мектебінде «Қазақстан – менің Отаным. Қазақ тілі- менің тілім» дейтін өскелең ұрпақтың өсіп келе жатқанына көз жеткіздік, қуандық.

Мемлекеттік тілді меңгерту мәселесі Қазақстанда әлі күнге дейін күрмеуі шешілмеген мәселе екені жасырын емес. Ал жаңатұрмыстық оқушылар қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын сауатты жеткізеді. Әрине, өзге ұлт өкілі оқушысын қазақ тілінде сөйлетуде осы мектеп ұстаздарының еңбегі орасан зор. Мәселен, біз пікірлескен оқушылар өздерінің ертеңін, болашағын Қазақстанда ғана көретінін, осы елдің көркеюіне бар күштерін жұмсап, ерінбей еңбек ететіндерін айтады. Бізбен тілдескен Гасанов Равиль: «Қазақстан- менің Отаным. Қазақ жерінде өмір сүріп жатқандықтан, осы елдің мемлекеттік тілін білуге тиіспіз. Қазақ тілі – менің тілім. Отанымда тойланып жатқан Наурыз мерекесі де бізге ортақ мереке. Наурыз мейрамы 1988 жылдан бастап тойланып келеді. Парсы тілінен аударғанда, жаңа күн дегенді білдіреді», - дейді. Ал Гасанов Халис «Басқа ұлт екеніңе қарамастан, қазақ тілін білу өз еліңді сүю деген сөз. Өйткені мемлекеттік тілді барлық жерде білу талап етіледі. Мысалы, жоғары оқу орнында, қызметте»,- дей келе, қазақстандықтарды Наурызбен құттықтап, барлық азаматтарға амандық тіледі. Өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттің әрбір мәселесіне мән беріп, құрметпен қарауды үйренгенін жасырмаған Жаңатұрмыс мектебінің оқушылары бұл ретте өз ұстаздарына айтар алғысы зор екенін жеткізді. Ұлыстың ұлы күнінде қазақстандықтарға ыстық лебізін жеткізген Гоголадзе  Алина: «Наурыз мен үшін өте маңызды мейрам. Бұл мерекеде барлығымыз ұлттық киім киіп, ән айтып, би билейміз. Наурыз қуанышқа толы мереке»,- дейді. Джиндиева Нигара: «Наурыз мейрамы көп ұлтты Қазақстанда думандатып тойланады. Бұл мейрамда барлық ұлт өкілдері бірге болып, бір-біріне жақсылық тілейді. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Наурыз кезінде сол салт-дәстүрлер түрі көптеп көрсетіледі. Бұл салт-дәстүрлер бізге де ортақ. Өйткені біз де осы елдің азаматымыз»,- деп ағынан жарылды. 11- сыныптың оқушысы Танабердиев Кямран мемлекеттік тілді білу әрбірімізге міндет дей келе: «Өзімді қазақпын деп санаймын. Бізді ұстаздарымыз ең алдымен Отанымызды сүюге үйретті. Сондықтан Қазақстанды сүйемін. Осы мерекеде барлық қазақстандықтарға мықты денсаулық тілеймін. Деніміз сау болса, басқа нәрсенің барлығына қол жеткіземіз», - деп өзінің алдағы арман-мақсаттарымен де бөлісті. Кямран биыл мектеп бітірген соң, Алматы технологиялық университетінің технолог мамандығына құжатын тапсырғысы келеді. Ондағы мақсаты аспаздық саласының мықты маманы болу екен. Біз де өз тарапымыздан Кямранға сәттілік тілеп, еліміздің осындай ұландары қанатын кеңге жайып, болашақ мемлекетіміздің берік тұтқасы болуына тілектестік ниетімізді білдірдік.

Жаңатұрмыс ауылында бірлік пен ынтымақта өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері Наурыз мерекесі тек қазақ халқының емес, бәріміздің ортақ мейрамымыз деп, балаларының  қазақ мектебінде білім алып жатқанын да мақтаныш көретінін жасырмайды.      

«Менің үйімде қазақ халқының қамшысы мен ер тоқымы бар. Қамшыны үйіміздің төріне іліп қоямыз», -дейді осы мектепте көп жылдардан бері жұмыс істейтін мұғалім Бостанжиева Майнор Мажилисовна. «Мен осы ауылда тудым, осы ауылда өстім. Менің ұлтым күрд ұлты. Біз Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері наурыз мерекесін тойлаймыз. Мен наурыз көжені жақсы көремін. Наурыз көжені өзім жасай аламын. Менің сыныбым бүгінгі мерекеге қазақтың ұлттық киімін киіп шықты. Өзім де қазақ ұлтының киімін бірінші наурыздан бері киіп жүрмін. Қазақтың ұлттық киімін киюді менің жүрегім қалайды. Маған осы киім ұнайды.  Менің балам алтыншы сыныпта оқиды. Мен балама да қазақтың ұлттық киімін сатып алдым. Бұл менің баламның екінші қазақ киімі. Екінші сыныбында да қазақша киіндірген едім», - деген Майнұр апай қазақ халқына шексіз алғысын көзіне жас ала отырып: «Осы ауылда тудым, осы ауылда тұрамын, рахмет! Қазақ ұлтына , қазақ халқына рахмет! Ата-анамыз соғыс жылдарында Кавказдан Қазақстанға келді. Қазақтар жатырқамай күтіп алды. «Көрші қазақ отбасымен бір үй болып отырдық, өз отбасындай қарсы алды,бізге тамағынан бөліп берді»- деп әкем айтып отыратын. Қазақ халқынан қонақжайлықты үйрендім. Қазақ халқына рахмет! Бауырларым! Сіздерге  көп рахмет!» - деп жеткізді.  

«Қазақстан менің Отаным!» -дейді Жаңатұрмыс ауылындағы мектептің мұғалімі Лазгиева Сурия Сүлейменқызы. «Менің ұлтым - түрік. Ауылда, мектепте әр жылы наурыз мерекесі өтеді.  Үлкені де кішісі де,ұлтына қарамай бірігіп наурыз көже ішеміз. Менің сабақ беретін сыныбым орыс сыныбы. Бірақ бүгінгі мерекеге қазақтың  ұлттық киімін киіп шықты. Орыс тілінде білім алсам да, қазақ тілін жетік меңгердім. Өйткені Қазақстанда тұрған соң қазақ халқын да, оның салт-дәстүр, мерекесін де, тілін де сыйлаймыз! Қазақстан халқына, қазақ халқына рахмет айтамын.  Қазақстан менің Отаным! Мен Отанымды сүйемін! Мен осында тудым, осында өстім. Сондықтан бұл менің Қазақстаным! Тыныштық болсын! Тату-тәтті өмір сүрейік!» - дейді ағынан жарылған Сүрия апай.

Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс мектебінде тойланған Наурыз мерекесінен ерекше әсер алып қайттық. Еліміздегі әрбір мектепте оқушы санасына Қазақстанды сүю, мемлекеттік тілді құрметтеу ұғымы осы Жаңатұрмыс мектебіндегідей сіңірілсе, ертеңіміз нағыз елін, тілін сүйген ұрпақпен көбейері сөзсіз. Бұл күнгі Наурыз мерекесінен Жаңатұрмыс мектебінің оқушыларына ғана емес, сол оқушыларға осындай білім мен тәрбие беріп жатқан ұстаздарына шексіз риза болып қайттық.   

Меруерт ХУСАИНОВА.