^UP

foto1 foto2 foto3 foto4 foto5


Оқу-инемен құдық қазғандай

Оқусыз білім жоқ

Қартайғанда оқыған оқу-

мұзға жазғанмен бірдей

Мұғалім - мемлекеттің құлы емес!

Get Adobe Flash player
Бесплатные шаблоны Joomla

Ұстаз күнделігі


«2013 жыл. Күз. Сабақ үстіндемін. Есік жұлқи ашылды. Директордың тәрбие жөніндегі орынбасары тұр.

– Сен не деген адамсың? Валерий Бойченконың концертіне неге бармаймын дегенсің?
– Менің баратын жағдайым жоқ. Билетке төлейтін ақшам болмай тұр. Қызым ауырып жатыр. Дәріге де ақша таппадым. Үйде нан да жоқ. Соған біреуден 100 теңге қарыз сұрайын деп едім...
– Шаруам жоқ. Ауданнан тексереді. Қазір билеттің ақшасын төле де, кешке Қаскелеңге концертке бар.
– Жолдың ақшасын қайтем?
– Білмеймін, бармайтын болсаң директорға кір!
Көзіме жас тығылды, әрі қарай ештеңе айтудың мәні жоқ. Жүгіріп сыныптардың есігін аша бастадым.
– Апай, маған ақша бере тұрыңызшы!
– Жоқ.
– Апай, қарызға ақша бере тұрыңызшы!
– Жоқ.
Әйтеуір, біреуден – 200, біреуден – 100 теңге алып, 1000 теңгеге толтырып билетке төледім. Үйге келсем, қызымның ыстығы 38 градус болып тұр.
– Сен жата тұр, ботам, егер қорықсаң көрші үйге бар. Тапсырып кетемін! – деп қоямын, көмейіме өксік тығылып.
Көршіме кіріп, қызыма көз қырын салуын өтіндім. «Қалған бірдеңе бар ма еді?» деп тоңазытқышты ашсам: қатқан нан да жоқ.
– Қызым, шыдай тұршы. Әйтпесе, жұмыстан айырылып қаламын ғой. Концерттен келе сала, тамақ дайындаймын, ботам! – дедім, ішімнен егіліп.
Сыртқа шықтым. Қаскелеңге бару үшін жолға кемі 500 теңге керек. Көрші ауылға жаяулатып тартып кеттім. Әпкемнің үйіне кіре сала: «Маған 500 теңге беріңізші» дедім.
Ол берді. Қаскелеңдемін. Ойымда – қызым ғана. Концерт залына кіріп барсам, қабағы қатыңқы бір әйелмен жанында жалбақтаған жас жігіт тұр. «Қай мектеп, қанша мұғалім?» деп тізімдеп жатыр. Бұл – аудандық білім бөлімінің тәрбие жөніндегі маманы...
Сахнада орыстардың молдасындай боп қап-қара киінген Валерий Бойченко тұр. Қайран өмір-ай! «Менің өнеріме бас иіп, ерекше сүйіспеншілікпен жиналған қауым» деп ойлаған әнші осы сәтте бақытты шығар. Біреудің жүрегі қан жылап, амалсыздан осында отыр. Анаға ауырып жатқан баласын кеште аштан-аш жалғыз тастап, зорлықпен концерт көріп, «көңіл көтеруден» асқан қорлық бар ма екен?..

2013-2014 оқу жылы.
Бастықтың кабинетіне кірер жерде 4-5 мұғалім  тұр.

– Сіздерді де шақырған ба?
– Иә.
– Бірге кірейік.
Шашы сарғыш түске боялған қысқа, толық қара кісі – менің бастығым. Өз креслосында шалқая түсіп отыр. Қабағы қатулы. Мен одан қорқамын. Егер ол бір күн ұрысса мен одан он күн қашып жүремін. Таңертең жұмысқа келерде міндетті түрде Аллаға сиынамын.
– Арыздарыңды жазып жұмыстан кетіңдер.
Мен түсінбей абдырап тұрып қалдым. Не жазып қалдым, не бүлдірдім? Жүрегім аузыма тығылып дүрсілдеп барады. Ішімнен: «Алла маған көмектесіңізші» деп жалынып тұрмын.
– Кеше неге Бағдат Сәмединованың концертіне бармадың? – деді зәрлі үнмен айғайлай сөйлеп.
– Сол үшін бе, билеттің ақшасын төледім ғой-й-й.
– Мынаның айтып тұрғанын қарашы, ұятсыз! Ауданнан тексеретінін білмейтін бе едің? Арызыңды жаз да, жұмыстан кет!
– Кешіріңізші, енді қайталанбайды.
Естіген сөздеріме жүрегім сыздап сала берді. Не деген өмір бұл? Егер мен жұмыстан шықсам, менің баламды Бағдат Сәмединова баға ма? Мен неге ол кісінің концертіне бармағаным үшін жазалануым керек? Әншілерді «халық адамы» дейді. Әншілер нәзік жандылар. Олар сезім мен махаббаттың иелері іспеттес көрінеді бізге. Кейде мен қатты ренжимін. Бір айда келген бес концерттің екеуіне міндетті түрде билет алуым керек, оған қоса жол шығыны бар, оны менің айлығым мүлде көтермейді.
Телеарна, радио, газет-журнал түгелдей әншілерді әспеттейді. «Жұлдызды шаңырақ» деген бағдарламада әншілердің зәулім-зәулім  сарайын, көлігін, киімін, т.б. туралы көрсеткенде іштей зығырданың қайнайды.
Қызым маған: «Анашым, мына әнші зәулім сарайды қалай тұрғызғаны жайлы айтты. Сарайы әдемі, өзі ханшайым сияқты екен» деді қызыға сөйлеп, бала көңілмен.
Мен оған: «Қызым әншілердің зәулім сарайының қаланған әр кірпішінде сенің нансыз отырған аш күніңнің есесі бар. Соны көріп менің жылаған көз жасымның ащы тамшысы бар. Әншілерге қызықпа, балам!» деймін.
Иә, ойланып қарасам, Айгүл Иманбаеваның «Темір қатын» пъесасына барған күні қызым сүтсіз шай ішіп, нан жеп қана ұйықтаған. Сол күні ыстық тамақ жасайтын ақшамнан қағылдым. Айқын Төлепбергеннің концертіне барған күні мен қызымның би үйірмесіне төлеймін деген ақшамды беріп, қызым биге қатыса алмай қалған. «Кел, билейік кәне, достар!» деген концертке барғанымда – қызыма апта басында мектепке күніне жұмса деп берген 800 теңгені қайтарып алып, ол бір апта мектепте түскі ас ішпей жүрді. Иә, қазір теледидардан түспейтін жақсы, әдемі әнші Роза Әлқожаның концертіне барған күні қызыма етік алуға қойған ақшаны салып жіберіп, қызым ақша болғанға дейін көршінің қызының ескі етігін киіп жүрді.
Жалғызбасты анамын. Қосымша табыс көзім жоқ. Айлығым санаулы. Жалдамалы үйде тұрамын. Баланың шығындары бар. Табысым күнкөрісіме жетпейді. Осындай жағдайлардан менің концерт көретіндей көңіл-күйім жоқ. Қызым «әнші боламын» деп армандайды. Мен оған түбегейлі қарсы боламын. Әншілердің зәулім сарайының әрбір тасы мен сияқты қиналып жүрген мұғалімдердің көз жасынан құралғандай көрінеді маған.
Әрине, барлық әншіні даттаудан аулақпын. Қадірі жоқ әншілер билетін зорлап өткізеді. Қадірі мол әншілер  билетін зорға жеткізеді...»

Айман Сағидулла